23 жыл өтсе де сүрілмеген: Атырауда апатты үйдің балконы құлады
Атырауда апатты деп танылған көпқабатты тұрғын үйдің төртінші қабатындағы балкон опырылып түсті. Тұрғындар ғимараттың әбден тозғанын айтып, оны қашан сүретінін сұрап отыр. Ал қала әкімдігі үйдің апатты деп танылғанын растады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оқиға 26 қарашада таңертең Атырау қаласындағы Орталық шағын ауданында орналасқан №3 үйде болған. Тұрғындардың айтуынша, үшінші подъездегі төртінші қабаттың балконы жаңбырдан кейін құлаған.
Тұрғындар бұл үйдің апатты деп танылып, сүрілуі тиіс ғимараттар тізіміне бұрыннан енгізілгенін айтады. Олардың сөзінше, үйді бұзу мәселесі осыдан 23 жыл бұрын да баспасөзде көтерілген. Алайда содан бері нақты шешім қабылданбаған.
Үй апатты, сүрілетін тізімде көптен бері тұр. Бірақ биылғы тізімде біз жоқпыз, – дейді тұрғындар.
Балконның құлауынан кейін тұрғындар ғимараттың жалпы жағдайына алаңдап отыр. Олар жауапты органдардан үйді тексеріп, қауіпсіздік шараларын қабылдауды және көшіру мерзімін түсіндіруді сұрайды.
Қала әкімдігінің мәліметінше, Орталық шағын ауданындағы №3 тұрғын үй 1988 жылы салынған. Бес қабатты панельді ғимаратта 74 пәтер орналасқан. Жалпы ауданы – 4 642,5 шаршы метр.
Тұрғын үй апатты деп танылған. Сонымен қатар, аталған тұрғын үйді модернизациялау бойынша өтінім берілмеген, – деп хабарлады әкімдік.
Алайда әкімдік жауабында ғимаратты сүрілу мерзімі мен тұрғындарды көшіру жоспары туралы ақпарат көрсетілмеген.
Балконның құлауына қатысты оқиғаның мән-жайы мен зардап шеккендер бар-жоғы әзірге нақтыланып жатыр.