23,2 млн тонна шөп дайындалды – АШМ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 32,8 миллион бастан астам малды қыстан аман-есен алып шығу үшін облыс әкімдіктерімен бірлесіп жем-шөп дайындау жоспары айқындалды.
Малға беретін екпе шөп алқабы 3,2 млн гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артық. Ал малға жем ретінде берілетін дақылдардың егіс алқабы 2,6 млн гектар.
2021 жылдың 22 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 23,2 млн тонна шөп жиналды. Бұл жоспардың (23,8 млн тонна) 98%-ға орындалғанын көрсетеді. Бұдан бөлек, 1,5 млн тонна (94%) пішендеме, 1 млн тоннадан астам (53%) сүрлем, 2,9 млн тонна (61%) сабан дайындалды.
Биылғы ауа райының қолайсыздығы мал азығы қорын жинауға едәуір қиындық туғызды. Атап айтқанда, құрғақшылықтың кесірінен жайылымдардың басым бөлігі өртенді, табиғи шабындық жерлерде де шөп қалың болмады. Жағдайды тұрақтандыру үшін Министрлік нақты шаралар қабылдауда.
Жем-шөп дайындау мәселелері бойынша жергілікті және орталық атқарушы органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық жедел штаб құрылып, жұмыс істеп жатыр.
Құрғақшылықтан зардап шеккен аймақтарға қаржылай көмек көрсетілді. Мәселен, Маңғыстау мен Қызылорда облыстарындағы жем-шөп сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеуге Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында 1,2 млрд теңге игеріліп, 632 шаруа қожалығы мен 6021 жеке қосалқы шаруашылықтың шығыны төленді. Қызылорда облысына 1,7 млрд теңге бөлініп, оның 1 млрд теңгесі 692 шаруа қожалығының шығынын өтеуге жұмсалды.
Маңғыстау облысының әкімдігі жергілікті бюджеттен шөп пен жем сатып алуға қосымша 5,3 млрд теңге (1,9 млрд теңге – 26 мың тонна шөп сатып алуға және 3,4 млрд теңге – 34 мың тонна жем сатып алуға) бөлді.
Мал азығы құнының қымбаттауына байланысты бірқатар облыс әкімдіктері (Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, СҚО, Атырау, Шымкент қ.) жем-шөп сатып алу құнын арзандату үшін жергілікті бюджеттен 13,6 млрд теңге қаржы бөлді. Ақтөбе облысы биыл 6,7 млрд теңге бөліп, облыстың барлық агроқұрылымдарын субсидиямен қамтыды.
Биыл тамыз айының 23-нен бастап малға беретін шөп түрлерін республика аумағынан шығаруға уақытша тыйым салынды. Сондай-ақ малға жем ретінде беретін дақылдар экспортын квоталау жөніндегі бұйрықтың жобасы әзірленді.
Мал азығымен қамтамасыз ету мәселелері министрлік пен облыс әкімдіктерінің тұрақты бақылауында. Министрлік тарапынан мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, инвестициялық субсидиялау бойынша өткен жылы жем-шөп жинау және дайындау техникасының құнын өтеу нормативтері 50%-ға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ суару жүйелерін сатып алуға арналған нормативтер де ұлғайды.