228 адам қаза тапқан әуе апаты: Франция соты Airbus пен Air France-ты кінәлі деп таныды
Компаниялар бұрынғы сот отырыстарында кінәні мойындамаған болатын.
Франция соты Airbus пен Air France компанияларын 2009 жылы Атлант мұхитында құлаған AF447 рейсіне байланысты корпоративтік абайсыздықтан адам өліміне әкелгені үшін кінәлі деп таныды. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды.
Рио-де-Жанейродан Парижге бағыт алған Airbus A330 ұшағы 2009 жылғы 1 маусымда Атлант мұхитына құлап, борттағы 228 адамның барлығы қаза тапқан еді. Ұшақтың қара жәшіктері бірнеше жылдық іздеуден кейін 2011 жылы табылды.
Апелляциялық сот шешімі бойынша екі компанияға да корпоративтік қылмыс үшін ең жоғары айыппұл – 225 мың еуро салынды. Дегенмен, Airbus пен Air France сот үкімімен келіспей, оны жоғары инстанцияда қайта қарауды жоспарлап отыр.
Компаниялар бұрынғы сот отырыстарында кінәні мойындамаған болатын. 2023 жылы төменгі сот оларды ақтаған еді, алайда апелляциялық сот бұл шешімді өзгертіп, кінәлі деп таныды.
Апаттың себептеріне қатысты сарапшылар арасында пікірталас әлі де жалғасуда. Тергеу материалдарына сәйкес, экипаждың әрекеттері, техникалық ақаулар және дайындықтағы кемшіліктер қайғылы оқиғаға әсер еткен факторлар ретінде қарастырылған.
Бұл іс Франция авиация тарихындағы ең ірі сот процестерінің бірі ретінде бағаланып отыр және әлі де түпкілікті шешімге жеткен жоқ.