Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту ұсыныстарынан соң 225 басшы жауапкершілікке тартылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылдың алғашқы жарты жылдығында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және оның аумақтық бөлімшелері мемлекеттік органдарға 1700-ге жуық ұсыныс енгізген. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Тергеу департаментінің аға тергеушісі Данияр Бигайдаров мәлімдеді.
Енгізілген ұсыныстардың көпшілігі ішкі істер органдарына (722), түрлі деңгейдегі әкімдіктерге (390), білім беру мекемелеріне (86), мемлекеттік кіріс органдарына (44) және квазимемлекеттік секторға (80) жіберілген.
«Мұндай ұсыныстарды дайындау кезінде біз құқықбұзушылық жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жан-жақты зерттеп, анықтаймыз. Бұл тәсіл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және осы саладағы сыбайлас жемқорлық көріністерінің қайталануын болдырмауға бағытталады», - деді аға тергеуші.
Оның сөзінше мемлекеттік органдар 1126 ұсынысты қараған. Агенттік ұсынысы бойынша 225 басшы әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылып, олардың бірқатары атқаратын қызметтерінен босатылды.
«Жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсыныстарын қарау нәтижелері бойынша жартыжылдықта 657 лауазымды тұлға түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылып, оның ішінде 88 адам жұмыстан шығарылды, 64 адам мемлекеттік қызметті орындаудан босатылды. Қылмыс жасаған лауазымды тұлға тікелей жұмыс істеген мемлекеттік органдардың еңбек ұжымдарында енгізілген ұсыныстарды қарастырамыз. Мұндай формат барынша қылмыстың алдын алуға мүмкіндік береді», - деді Бигайдаров.
Ол жыл басынан бері Агенттік өкілдері 500 жуық еңбек ұжымына барғанын, оған 25 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер қатысқанын атап өтті.
Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция департаментінің басшысы Анар Жарова 3 министрлікте сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізілгенін айтты.