224 мыңнан астам адам "Еңбек" бағдарламасына қатысты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ағымдағы жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 224,7 мың адам Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы болды. 184 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның 99 мыңы – тұрақты жұмысқа орналастырылды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Субсидияланатын жұмыс орындарына 85,4 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде: әлеуметтік жұмыс орындарына – 12,6 мың, жастар практикасына – 10,6 мың, қоғамдық жұмыстарға – 62,2 мың адам.Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру үшін биыл 1 маусымдағы жағдай бойынша жұмыс күші артық оңтүстік өңірлерден 691 отбасы құрамында 2 445 адам қоныс аударды.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 52,5 мың адам оқуын жалғастыруда, олар стипендиямен, бір реттік ыстық тамақпен және жол жүруге материалдық көмекпен қамтамасыз етілген. Биыл ТжКБ жүйесінде 21 мың адамды оқумен қамту жоспарлануда.
2020 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарына 1,5 мың адам жіберілді, жыл соңына дейін осы шарамен 16,8 мың адамды қамту жоспарлануда.
Жыл басынан бері Мемлекеттік бағдарлама аясында жаппай кәсіпкерлікті дамытуға 10,4 млрд теңгеге 2 179 микрокредит берілді, оның ішінде 1 963 микрокредит ауыл кәсіпкерлеріне берілді, олар 2 206 жұмыс орнын құрды.
Сондай-ақ, бағдарламаға қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 24 мың мемлекеттік грант беріледі. Биыл 1 маусымда 5,3 мың мемлекеттік грант берілді.
Бұдан басқа, 30 мың адам "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылады.