22 жастағы есірткі тасымалдаушы қыз 10 жылға сотталды

2023 жылдың тамыз айында Жезқазған қаласының 22 жастағы жұмыссыз тұрғыны интернет арқылы белгісіз біреумен танысқан. Ол бұған есірткі заттарын сақтау үшін тасымалдаушы болуды ұсынған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жоғарғы соттың хабарлауынша, қызға ақша керек болғандықтан «куратор» ұсынған шартқа келіскен. Оның міндеттеріне есірткіні қабылдау, оларды орау және сақтау, кейіннен орындалған жұмыстың көлеміне қарай ақы төлеу кірген.

Белгісіз тұлғамен алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобында әрекет ете отырып (материалдар жеке өндіріске бөлінген), ол пакеттерді геолокация бойынша алып, оларды буып-түйіп, Жезқазған қаласында 60 пакетті сатып, оның тұрған жерін суретке түсірген. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында есірткі тасымалдаушы ұсталып, аталған пакеттер мен телефонды қызметкерлер тәркілеген, - делінген ақпаратта.

Тергеу барысында «кетпеу туралы қолхатпен» жүріп, өзі үшін еш қорытынды жасамай, «келу міндеттемесін» ескермей, есірткі тасымалдаушы Шахтинск қаласына қашып кетіп, қылмыстық әрекетін ұқсас схемамен сол жерде жалғастырған. Алайда ол ұсталып, оның тұрғылықты жерінен есірткі заттары, буып-түюге және бума жасауға арналған құрылғылар табылды.

Қызға электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып, бір топ адамдар алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз сақтады деген айып тағылды (ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігінің 1), 2), 3 ), 5) тармақтары). Оның кінәсі куәлардың айғақтарымен, сарапшылардың қорытындыларымен, бетбелгілердің фотосуреттері табылған телефондарды қараумен, куратормен хат алмасумен және басқа да іс материалдарымен дәлелденді, - делінген мәліметте.

Сот жаза тағайындау кезінде мыналарды ескерді:

- аса ауыр қылмыс санатына жататын және қоғамдық қауiптiлiгi жоғарылататын іс-әрекеттiң сипаты мен қоғамдық қауiптiлiк дәрежесi;

- сотталушының тұлғасы, оның мінез-құлқы;

- тағайындалған жазаның сотталған адамның түзелуіне және жаңа қылмыстардың алдын алуға ықпалы.

Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігінің 1), 2), 3),5) тармақтарының санкциясында мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген.

Сотталушы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Апелляция істің барлық мән-жайын зерделей келе, үкім заңды және жасалған қылмысқа сәйкес деп таныды. Үкім заңды күшіне енді, - деп жазылған Жоғарғы сот ақпаратында.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов архив
Өзгелердің жаңалығы