22 млн теңге айыппұл: Түркістан полицейлері борышкер жүргізушілерді анықтады
Түркістан облысында жергілікті полиция қызметкерлері сот орындаушылармен бірлесіп айыппұлын төлемеген жүргізушілердің көлік құралдарын анықтауды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Мәселен, Сайрам ауданында қызмет атқару барысында патрульдік полицияның планшетіне жүк көлігіне қатысты сигнал түсті. Тәртіп сақшылары жүргізушісінің 7 миллион теңгеден астам қарызы бар екенін анықтаған. Сонымен қатар Сауран ауданында Шымкент – Самара тасжолында тәртіп сақшылары тағы бір борышкердің көлігін тоқтатты. Chevrolet Cobalt автокөлігінің жүргізушісінде 2 миллион теңгеден астам сомаға төленбеген берешек болған.
Сондай-ақ “Сауран” стационарлық бекетінде облыстық батальонның полиция қызметкерлері патрульдеу кезінде жергілікті тұрғынның басқаруымен Kia автокөлігін тоқтатты. Автокөлік жүргізушісінің 13 миллион теңге төленбеген қарызы бар екені анықталды.
Полицейлер бұл көлік құралдарын айыппұл тұрағына қамап, борышкер жүргізушілерге берешектер мен салынған айыппұлдарды уақытылы төлеу қажеттігі туралы айтты.