Сенбі-жексенбі күндері 22 адам суға кетіп қаза болды – Владимир Беккер
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер өткен аптада еліміз бойынша 61 адам суға батып кеткенін айтты. Оның ішінде тек сенбі-жексенбі күндері 22 адам суға кетіп қайтыс болған.
"Ыстық ауа райы елімізде шілде айының соңына дейін сақталалы. Сондықтан қазақстандықтарға суға шомылу ережесін сақтауға кеңес беремін. Тыйым салынған жерлерде шомылу адам өмірі үшін қауіпті. Ал ересектерден балаларды қараусыз қалдырмауды өтінгім келеді. Мысалы, өткен аптада еліміздегі су қоймаларында 61 адам суға батып, көз жұмды. Тек сенбі-жексенбі күндері ғана Қазақстан бойынша 22 адам суға кетті. Оның жетеуі бала. Төтенше жағдайлар бойынша комитет және өңірлік құрылымдар жүргізген кешенді іс-шаралар өз нәтижесін бермей жатыр. Адамдар қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамайды. Тыйым салынған жерлерде шомылады, әрі балаларын қараусыз қалдырады. Салдарынан осындай қайғылы оқиға болады", - деді Владимир Беккер.
Оның айтуынша, адам өлімі көп тіркелген облыстардың қатарында Ақмола, Алматы, Атырау, Жамбыл және Павлодар бар.
"Ақмола облысында бір аптада 11 адам суға батып, көз жұмды. Оның үшеуі бала. Алматы облысында 5 адам мен 3 бала, Атырау облысында 4 адам, Жамбыл облысында 5 адам, 3 бала, Павлодар облысында 5 адам, 3 бала қаза тапты. Мысалы, Павлодар облысында бірден 3 бала суға кетті. Туыстар өзеннің жағасында демалған. Ата-аналар балаларына қарамаған. Салдарынан осындай қайғылы оқиға тіркелді", - деді комитет төрағасы.