217 жаңа мектеп салынды, бірақ қаржыландыру мәселесі шешімін таппаған – депутат

Сенаттың жалпы отырысында депутат Руслан Рүстемов "Келешек мектептері" ("Жайлы мектеп") ұлттық жобасын іске асырудағы ең өзекті мәселелердің бірін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылдан бері 460 мың оқу орнына арналған 217 заманауи мектеп салынып, пайдалануға берілген. Алайда жоба биыл аяқталып жатыр, ал осы білім нысандарын алдағы жылдары қаржыландыру мәселесі әлі шешімін таппаған.

Депутаттың сөзіне қарағанда, жергілікті атқарушы органдар алдағы 3 жылға осы мектептерді ұстауға 1 трлн 268 млрд теңге қажет екенін көрсетіп, тиісті өтінім берген. Бұл соманың құрамында мұғалімдердің жалақысы мен басқа да ағымдағы шығындар бар. Бірақ сенатор атап өткендей, бұл қажеттілік 2026-2028 жылдарға арналған жалпы трансферттерге енгізілмеген.

Егер осы оқу орындары алдағы 3 жылда толыққанды қаржыландырылмаса, "Келешек мектептері" ұлттық жобасының мақсаттарына қалай жетеміз? Бұл қаржылық сұраныс неге қолдау таппады? – деп сұрады Руслан Рүстемов.

Сауалға жауап берген Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәселенің өзекті екенін мойындап, бұл бағытта жергілікті атқарушы органдармен және Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.

Министрдің айтуынша, 217 мектептің 181-і толық салынып біткен, қалғандары аяқталу кезеңінде.

Бұл мәселе жан-жақты зерттелді. Мектептер апатты білім нысандарының орнына салынған. Оларды ұстауға қажетті қаражат жергілікті бюджеттерде көзделген. Ал жалақы мәселесіне келсек: осы педагогтар бұған дейін де білім жүйесінде жұмыс істеп келген, сондықтан еңбекақы бойынша қосымша шығын туындамайды, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министр жаңа мектептерде 14 мыңнан астам мұғалім еңбек етіп жатқанын, олардың біліктілігін арттыру бойынша "Өрлеу" ұлттық орталығы арқылы жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен бірге Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясы әдістемелік және сараптамалық қолдау көрсетіп отыр.

Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин де әріптесінің пікірін қуаттап, мектептерді ұстау міндеті жергілікті атқарушы органдардың құзырында екенін еске салды.

Бюджет кодексі мектептерді ұстау – жергілікті атқарушы органдардың тікелей құзыреті екенін нақты көрсетеді. Біз өңірлерге салықтық әлеуеттің бір бөлігін қалдырдық, оны есепке алған жоқпыз. Аймақтардағы салық түсімі жыл сайын орта есеппен 27% өсіп келеді. Ал айтылып отырған 54 млрд теңге – аса үлкен көлем емес, – деді Жұманғарин.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы