23 Қыркүйек 2026, 12:41 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

21 жылдан кейін ұсталды: Есірткі ісі бойынша ер адам 13 жылға сотталды

Ер адам 2003 жылы халықаралық іздеуге жарияланып, 21 жылдан кейін Ресейде ұсталған.

Шымкентте сот ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысып, есірткіні заңсыз айналымға түсірді деп айыпталған ер адамға қатысты қылмыстық істі қарады.

Сот мәліметінше, 2003 жылы Е. есімді азамат есірткіні көтерме сатып алып, өткізумен айналысқан халықаралық қылмыстық топтармен байланыста болған.

2003 жылғы қарашада ол сыбайласымен бірге Шымкенттен Ақтөбе бағытына жолға шыққан. Шымкент – Самара тасжолында Аралға жақын жерде көлік тоқтатылған. Тексеру кезінде жанармай багынан жалпы салмағы 34 келіден асатын героин салынған 35 пакет табылған.

Осыдан кейін Е. халықаралық іздеуге жарияланған. 21 жылдан кейін ол Ресейде ұсталды. Ал 2025 жылы ер адам сот талқылауы үшін Қазақстанға жеткізілді.

Сотталушы өз кінәсін мойындамаған. Алайда сот оның кінәсі куәгерлердің айғақтары, аудиожазбалар, сараптама қорытындылары және іс материалдарындағы басқа да дәлелдермен расталды деп тапты.

Сот ер адамды кінәлі деп танып, 13 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім заңды күшіне енді.