21 жастағы қыз өлімі: Шымкент полициясына қатысты қызметтік тексеру тағайындалды
Шымкент қаласында қыздың өліміне қатысты қылмыстық істің тергеу барысы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің бақылауында. Полиция қызметкерлерінің әрекетіне қызметтік тексеру басталды, күдікті қамауға алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қоғамдық кеңістікте жарияланған деректер мен Шымкент қаласы полиция қызметкерлерінің дер кезінде шара қолданбауы мүмкін деген барлық уәждер бойынша қызметтік тексеру тағайындалды.
Қазіргі таңда күдікті соттың санкциясымен қамауға алынды. Іс бойынша тәжірибелі қызметкерлерден құралған арнайы тергеу-жедел тобы құрылды. Қылмыстық іс аясында жүргізіліп жатқан тергеу әрекеттерінің нәтижесіне сәйкес, күдіктінің барлық әрекетіне құқықтық баға беріледі, - деп хабарлады ІІМ.
Сонымен қатар, жедел-тергеу шаралары жалғасуда. Оның барысында барлық келіп түскен мәліметтер жан-жақты тексеріліп, бейнебақылау камераларындағы жазбалар мұқият зерделеніп жатыр.
Ішкі істер министрлігі кез келген қатыгездік көріністеріне қатысты принципті әрі ымырасыз ұстанымды сақтайтынын және кінәлі тұлғаның заң аясында міндетті түрде жазалануы үшін барлық қажетті шараны қабылдайтынын мәлімдеді.
Еске сала кетейік, 11 қаңтар күні Шымкентте көпқабатты тұрғын үйдің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылған. Куәгерлер марқұмның денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтқан. Полиция күдіктінің марқұммен бұрын таныс болғанын мәлімдеді.
Кейін полицияның жедел-іздестіру шаралары барысында Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдікпен ер адамды ұстады.
Пышақ жарақатынан қаза тапқан қыздың туған ағасы әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап, болған оқиғаға қатысты отбасының ұстанымын жеткізді.