7 Қыркүйек 2026, 18:31 Фото: freepik

21 жарылғыш құрылғы табылды: Электр желілеріне шабуыл жасаған күдікті іздестіріліп жатыр

Ормандар тінтіліп, арнайы жасақ жұмылдырылды. Тергеу барысында жоғары кернеулі желілердің маңынан 21 жарылғыш құрылғы табылған.

Германия полициясы электр желілеріне жасалған диверсиялық шабуылдарға қатысы бар деген күдікке ілінген 48 жастағы ер адамды іздестіріп жатыр. Тергеу барысында жоғары кернеулі электр желілерінің маңынан 21 қолдан жасалған жарылғыш құрылғы табылып, залалсыздандырылды. Бұл туралы dpa-international басылымы хабарлады.

Полицияның мәліметінше, Саксония жерінде ғана соңғы күндері тағы тоғыз жарылғыш құрылғы анықталған. Олар Шляйфе қаласының маңындағы электр қосалқы станциясының жанынан табылды. Бұл аумақ Польша шекарасынан шамамен 15 шақырым жерде орналасқан. Құрылғыларды Саксонияның Мемлекеттік қылмыстық полиция басқармасының (LKA) арнайы бөлімшелері залалсыздандырған.

Фото: Jürgen Lösel/dpa

Осылайша, өткен аптада алғашқы оқиғалар тіркелгелі бері Саксонияда табылған жарылғыш құрылғылардың жалпы саны 21-ге жетті.

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті электр желілерін істен шығару үшін жарылғыш құрылғыларды жоғары кернеулі желілерге бекітіп, қысқа тұйықталу туғызуды көздеген. Алайда шабуылдар салдарынан электр желілеріне зақым келген жоқ. Полиция тұрғындарға қауіп төніп тұрмағанын хабарлады.

Күдіктіге іздеу жарияланды

Құқық қорғау органдары 48 жастағы климат белсендісін диверсиялық әрекеттерге қатысы бар деп күдіктеніп отыр. Полиция оны орманды аумақтардан іздеп жатыр.

Оқиғалар негізінен Бранденбург пен Саксонияда, сондай-ақ Германияның батысындағы Солтүстік Рейн-Вестфалия жерінде тіркелген.

Дрезден прокуратурасы, Саксонияның Мемлекеттік қылмыстық полиция басқармасы және Гёрлиц полиция басқармасы тұрғындардан тергеуге көмектесуді сұрады. Құқық қорғау органдары күдіктінің екі фотосын жариялап, ол туралы қандай да бір ақпарат білетіндерді хабарласуға шақырды.

Жексенбі күні Кёльн қаласының маңындағы орманды жерде күдіктіні іздеуге ауқымды операция жүргізілген. Алайда оның ізі табылмаған.

Ал жұма күні полиция Гевельсберг қаласындағы ер адамның пәтерінен жарылғыш заттарды анықтаған. Кейін арнайы жасақ Нидерцир қаласының маңындағы орманда тұрған жүк көлігіне басып кірген. Көлік шамамен оқиға орнына 100 шақырым қашықтықта болған.

Жүк көлігі автокөлік үйіне айналдырылғаны анықталғанымен, оның ішінен іздеудегі ер адам табылмады.

Қазір Германияның құқық қорғау органдары электр инфрақұрылымына жасалған шабуылдардың барлық мән-жайын анықтап, күдіктінің орналасқан жерін іздестіруді жалғастырып жатыр.