2,1 млн га пайдаланылмаған жер мерзімінен бұрын мемлекет меншігіне қайтарылды
Президенттің пайдаланылмай жатқан және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару жөніндегі тапсырмасы аясында 2025 жылы мемлекет меншігіне 2,1 млн гектар жер қайтарылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2022 жылдан бастап құқық қорғау органдары мен жұртшылықтың қатысуымен Жерді тиімді пайдалану мәселелері жөніндегі республикалық комиссия жұмыс істеп келеді. 2025 жылы комиссияның 3 отырысы және өңірлерде 42 өңірлік кеңес өткізілді (құрылған күннен бері республикалық комиссияның 18 отырысы және өңірлердегі ведомствоаралық кіші топтардың 430 отырысы өткен).
Аталған жұмыста «Жер аманаты» комиссиясы мен «Amanat» партиясы қоғамдық бақылауды қамтамасыз етіп, үдерістердің ашықтығы мен айқындылығына ықпал етті.
2022 жылдан бері барлығы 14,3 млн гектар жер мемлекеттік меншікке қайтарылды (2022 жылы – 5,4 млн гектар, 2023 жылы – 4,6 млн гектар, 2024 жылы – 2,2 млн гектар, сондай-ақ 2025 жылдың басынан бері – 2,1 млн гектар). Оның ішінде 12,5 млн гектары – жайылымдық жерлер. Бұл алқаптарда 16,1 мың шаруашылықта мал болмаған немесе жайылымға түсетін жүктеменің төмендігі анықталған.
2022 жылдан бері мемлекетке қайтарылған жерлердің 7,7 млн гектары қайта бөлінді:
- 2,7 млн гектар – мал жаю үшін ортақ пайдалануға берілді;
- 5 млн гектар – конкурстық негізде ұсынылды.
Сонымен қатар жер пайдаланушылар 4,6 млн гектар алқапта жерлерін тиімді пайдалануға кірісті.
Президенттің Жолдауында белгіленген тағы 7,5 млн гектар жерді қайта бөлу жұмыстары жалғасуда. Әкімдіктерге бірінші кезекте жергілікті тұрғындардың жайылымға деген қажеттіліктерін және ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетін азаматтардың мүдделерін ескеру тапсырылды.
Жоспардың мерзімінен бұрын орындалуы жер ресурстарымен жұмыс істеудің тиімділігін, жерді ұтымды пайдалану үшін жағдай жасалғанын және Қазақстан ауыл шаруашылығының одан әрі дамуына серпін берілгенін көрсетеді.