21-бап: Қазақстанда жеке өмірді кім қорғайды?
Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасында ұсынылған 21-бап қоғам алдына бұрын-соңды дәл осылай өткір қойылмаған сұрақты шығарып отыр. Мемлекет пен азаматтың жеке өмірі арасындағы шекара қай жерде аяқталады? Бұл мәселе бүгінде тек құқықтық емес, толыққанды қоғамдық-саяси сипатқа ие. Бұл туралы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты Мейіргүл Жетпісбаева айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның айтуынша, цифрлық технологиялар дамыған сайын азаматтың жеке кеңістігі кеңейіп қана қоймай, сонымен бірге бұрынғыдан да осал бола түсуде.
21-бап жеке өмірге қол сұқпаушылықты дәстүрлі түсініктен әлдеқайда кең мағынада қарастырады. Бұған дейін жеке өмір көбіне тұрғын үйге, хат алмасуға немесе телефон арқылы сөйлесуге қатысты ұғым ретінде қабылданса, енді ол дербес деректермен, цифрлық платформалармен және электронды қызметтермен тікелей байланыстырылып отыр. Бүгінгі азаматтың өмірі банк қосымшаларында, мемлекеттік ақпараттық жүйелерде, мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде қатар жүретіні жасырын емес. Конституция жобасы осы шындықты мойындап, цифрлық кеңістікті де жеке өмірдің ажырамас бөлігі ретінде таниды, - дейді Мейіргүл Жетпісбаева.
ҚазҰУ оқытушысы атап өткендей, азаматтың банктік операциялары мен онлайн төлемдері тек оның қаржылық жағдайын ғана емес, өмір салтын, қозғалысын, тіпті әлеуметтік ортасын да сипаттап бере алады. Сол сияқты жеке жазысулар мен электронды хабарламалар адамның ойы, көзқарасы және азаматтық ұстанымы туралы түсінік қалыптастырады. Осы тұрғыдан алғанда, 21-бапта банк операцияларының, салымдардың, хат алмасудың, телефон сөйлесулерінің және цифрлық байланыс арқылы берілетін хабарламалардың құпиясын бірдей деңгейде қорғау - жеке өмірді тұтас жүйе ретінде қабылдаудың айқын көрінісі.
Бұл тәсіл халықаралық тәжірибемен де үндес. Мәселен, Еуропалық одақта дербес деректерді қорғау адам құқығының негізгі элементі ретінде қарастырылады. Ал көптеген дамыған елдерде цифрлық құпияны бұзу азаматтың жеке өміріне тікелей қол сұғу ретінде бағаланады. Қазақстан Конституциясының жаңа жобасында осы үрдістердің ескерілуі елдің құқықтық дамуда жаһандық стандарттарға бет алғанын көрсетеді. Алайда 21-баптың қоғамдық-саяси мәні тек жеке өмірді қорғаумен шектелмейді. Оның үшінші тармағы билік пен қоғам арасындағы қатынастың сапасына тікелей әсер ететін норманы бекітеді. Мемлекеттік органдардың, лауазымды тұлғалардың және бұқаралық ақпарат құралдарының азаматтарға өз құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз ету міндеті - ашық қоғамның өзегі, - дейді ол.
Сондай-ақ, оның пікірінше, бұл норма тек ақпарат алуға құқық беріп қана қоймай, басқару мәдениетін өзгертуді талап етеді. Қоғамдық тәжірибеде жиі кездесетін «қызметтік ақпарат», «ішкі пайдалану үшін», «құпия емес, бірақ жарияланбайды» секілді формулалар азаматтардың құқықтық сеніміне нұқсан келтіретіні белгілі. 21-бап осы ескі тәсілдерден арылып, ақпаратты жасыруды емес, түсіндіру мен ашықтықты басқарудың қалыпты қағидатына айналдыруды көздейді.
Қоғамдық-саяси тұрғыдан алғанда, жеке өмірдің қорғалуы мен ақпаратқа қолжетімділік бір-бірімен тығыз байланысты. Жеке деректері қорғалмаған азамат өзін қауіпсіз сезіне алмайды. Ал ақпаратқа қол жеткізе алмаған қоғам билікке сенім артпайды. Сондықтан 21-бап азаматтық еркіндік, саяси тұрақтылық және қоғамдық келісім арасындағы балансты сақтауға арналған кешенді норма ретінде қабылдануға тиіс. Конститциялық реформа жөніндегі комиссияның ұстанымы айқын: 21-бап - мемлекеттің азаматты бақылау объектісі ретінде емес, құқық иесі ретінде тануға бағытталған саяси-құқықтық таңдауы. Бұл - күшті мемлекеттің белгісі. Өйткені өз азаматтарының жеке өміріне нақты шекара қоя алатын мемлекет қана олардың сеніміне ие бола алады, - дейді Жетпісбаева.
Оның айтуынша, сонымен бірге, бұл норманың шынайы салмағы Конституция мәтінінде ғана емес, қоғамдық тәжірибеде айқындалады. Азаматтар дербес деректерге, хат алмасуға және ақпаратқа қол жеткізуге қатысты өз құқықтарын талап еткен сайын, бұл баптың өміршеңдігі арта түседі. Ал мемлекеттік институттар оны формальды талап ретінде емес, басқарудың жаңа мәдениеті ретінде қабылдағанда ғана 21-бап шынайы қоғамдық келісімнің негізіне айналады.
Жеке өмірге құрмет - әлсіз мемлекеттің емес, өз азаматтарына сенетін, құқықтық жауапкершілігі жоғары мемлекеттің белгісі. 21-бап дәл осы сенімге негізделген жаңа қоғамдық қатынастардың конституциялық көрінісі болуға тиіс, - дейді философия ғылымдарының кандидаты.