Бүгiн 2026, 15:25 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

2060 жылға дейін көмірден бас тарту жоспарда жоқ – вице-министр

2060 жылға қарай көмірден толық бас тарту деген мақсат жоқ. Оның орнына СО2 шығарындыларын бейтараптандыру бағытындағы технологиялар дамиды.

Қазақстанда көмірді пайдалану алдағы жылдары да жалғасады. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, қазіргі таңда көмірден толық бас тарту мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ.

Қазір де көмірді пайдаланып жатырмыз. Сонымен қатар “таза көмір” технологияларын енгізу арқылы шығарындыларды азайту көзделуде. Өз басым сенімдімін, 2060 жылға қарай көмірден толық бас тарту деген мақсат жоқ. Оның орнына СО2 шығарындыларын бейтараптандыру бағытындағы технологиялар дамиды, – деді Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.

Сондай-ақ ол халықты көмірден толық бас тартып, газға көшіру мәселесіне де тоқталды.

Вице-министрдің сөзінше, елімізде газдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда республика бойынша газдандыру деңгейі 62-63 пайызға жеткен.

Әрине, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Абай облыстарында газдандыру мәселесі толық шешілген жоқ. Бұл бағытта уәкілетті органдар тиісті келіссөздер жүргізіп жатыр. Ашық айту керек, бір-екі жылдың ішінде бұл өңірлерге газ толық жеткізіледі деп нақты айту қиын. Дегенмен жоспарлар қарастырылып жатыр, бұл жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асады, – деді вице-министр.