2050 жылы жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 50%-ға жеткізу көзделген
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ҚР энергетика министрі Нұрлан Ноғаев баяндады.
2019 жылы жиынтық қуаты 1050,1 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 90 объектісі жұмыс істеп тұрды. Оның ішінде 19-ы жел, 31-і күн, 37-сі су және 3-і био электростанциясы. Өткен жылы 2,4 млрд кВтсағ "жасыл" энергия өндірілді. Жаңартылатын энергия көздерінің жалпы электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі үлесі – 2,3%. 2020 жылы бұл көрсеткішті 3%-ға, 2030 жылы 10%-ға, ал 2050 жылы 50%-ға жеткізу бойынша тапсырма бар. 2019 жылы жиынтық қуаты 255 МВт құрайтын ЖЭК жобаларына арналған халықаралық аукциондық сауда-саттықтар электрондық форматта өткізілді. Сауда-саттық нәтижесі бойынша, 12 компания жиынтық қуаты 202 МВт-қа ЖЭК қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығымен 15 жылға келісімшарт жасасты, - деді министр жиын барысында,
Сонымен қатар, ҚР ЭМ-нің баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, 2020 жылы жалпы қуаты 605,5 МВт-ты құрайтын 18 ЖЭК объектісін енгізу жоспарлануда.
2020 жылдың қорытындысы бойынша ЖЭК өндіру жоспары шамамен 3 млрд кВтсағ құрайтын болады. 2020 жылы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау күтілуде. Ұсынылған Заң жобасының тұжырымдамалық жаңашылдығы – маневрлік қуаттар құрылысын ынталандыру, ЖЭК-ті қолдауға бағытталған толассыз тарифті енгізу, ЖЭК-ті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау, - делінген хабарламада.
Бұған дейін министр шетелге контрабандамен 400 мың тоннаға жуық бензин өтіп кеткенін айтқан болатын.