Бүгiн 2026, 19:05 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Виктор Федюнин

2050 жылға қарай Каспий деңгейі тағы 5 метрге төмендеуі мүмкін

Депутат Каспий теңізінің тартылуы мемлекеттік деңгейде шешілуі тиіс мәселе екенін айтты.

Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне байланысты Үкіметке депутаттық сауал жолдап, бұл мәселе экологиялық проблемадан мемлекеттік басқару, табиғи ресурстарды пайдалану және Каспий маңы өңірінің экономикалық дамуына әсер ететін стратегиялық мәселеге айналғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, теңіз жағалауының өзгеруі жерлердің құқықтық мәртебесіне, жер қойнауын пайдалану шарттарына, инвестициялық жобалардың іске асуына және Каспийдің бірегей экожүйесіне тікелей ықпал етіп отыр. Осыған байланысты ол Қазақстандағы Каспий теңізінің заңды шекарасын өзектендіріп, жағалаудағы аумақтарды басқару жүйесін нақты жағдайға сәйкестендіру қажет екенін атап өтті.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректеріне сәйкес, 2006-2025 жылдар аралығында Қазақстан жағалауындағы Каспий теңізінің жағалау сызығы кей өңірлерде 30-35 шақырымға дейін шегінген. Қазіргі уақытта теңіздің солтүстік-шығыс бөлігіндегі орташа су деңгейі минус 29 метр шамасында.

Ал «Қазгидромет» РМК-ның ұзақмерзімді болжамына сәйкес, теңіз деңгейінің төмендеу үрдісі барлық климаттық сценарий бойынша сақталып, 2050 жылға қарай минус 34 метрге жетуі мүмкін.

Дүйсенбай Тұрғанов қазіргі таңда Каспий теңізінің заңды шекарасы бірнеше есептік жүйеде – гидрологиялық, жер кадастры және лицензиялық жүйелерде әртүрлі мемлекеттік органдар арқылы жеке-жеке жүргізілетінін айтты.

Нәтижесінде нақты жағалау сызығы мен заңды жағалау шекарасы бір-бірінен алшақтап барады. Қолданыстағы құжаттар бойынша теңіз немесе шельф аумағы саналатын кейбір жобалар іс жүзінде құрлықта немесе өтпелі жағалау аймағында орналасқанымен, әлі де теңіз нысандары ретінде реттеліп келеді, – деді депутат.

Оның пікірінше, бұл мәселе заңнамалық тұрғыда реттелуі тиіс. Сонымен қатар теңіздің тартылуы бұрын су астында болған аумақтарда жерүсті геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан мұндай жерлердің құқықтық мәртебесін дер кезінде анықтау маңызды.

Депутат Каспий теңізіндегі экологиялық жағдайға да алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, Маңғыстау облысында биыл сәуір айынан бері Каспий итбалықтарының жағаға жаппай шығып қалу деректері тіркелуде. Бұған дейін 2024 жылдың күзінде Қазақстан жағалауынан екі мыңға жуық өлі итбалық табылған болатын.

Осыған байланысты ол жануарлардың қырылу себептерін анықтап қана қоймай, Каспий экожүйесі мен итбалықтар популяциясына төнетін ұзақмерзімді қауіптерді бағалау қажет екенін айтты. Сондай-ақ итбалықтар, балықтар мен құстардың жаппай қырылуы жағдайында мемлекеттік органдардың әрекет ету алгоритмін әзірлеуді ұсынды.

Депутат Үкіметке Каспий теңізінің жағалау сызығының бірыңғай цифрлық картасын қалыптастыруды, оны мемлекеттік жер кадастры мен жер қойнауын пайдалану жүйесіне енгізуді, жағалау аумақтарының құқықтық режимін нақты жағдайға сәйкестендіруді, теңіз деңгейін автоматты бақылау жүйесін жедел іске қосуды және жануарлардың жаппай қырылуына қатысты тергеу нәтижелері жөнінде ақпарат беруді сұрады.