2050 жылға қарай әлемде 5 млрд адам суға зәру болады

2050 жылға қарай әлемде 5 млрд-тан астам адам судан тарығуы мүмкін. Бұл туралы Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым мамандары айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ Хабар24-ке сілтеме жасап. 

Қазірдің өзінде, жер бетіндегі өзендердің су деңгейі айтарлықтай төмендеп жатқаны байқалады. Құрғақшылық белең алып барады. Бұған әлемдегі өзендердің былтырғы жағдайы дәлел. Су деңгейі бұрын-соңды болмаған көрсеткішке түсіп кеткен. Бұған құрғақшылық пен аптап себеп. Бұл – Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның келтірген дерегі. 

2023 жылы әлемдегі мұздықтар өз массасының едәуір бөлігін жоғалтты. Есеп бойынша мұндай көрсеткіш кейінгі 50 жылда болған емес. Әлемде ұзаққа созылған құрғақшылық кесірінен табиғаттағы су циклы тұрақсыз болып барады. Ал әлемдік қауымдастық бұл мәселеде ешқандай шара қабылдап жатқан жоқ, - деді Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының бас хатшысы Селеста Сауло.

Құрғақшылық салдарынан бүгінде Солтүстік, Орталық және Оңтүстік Американың көп бөлігінде өзен суы азайып қалған. 2023 жылы Миссисипи және Амазонка өзендері бассейндерінде су деңгейі рекордтық көрсеткішке төмендеп кетті. Сарапшылардың сөзінше, өзендердің бағытынан ауытқуы да климаттың өзгеруімен тікелей байланысты. Алапат тасқындар мен құрғақшылықтың белең алуы да сондықтан. 

Мұздықтардың еруі гидрологиялық режимді толық өзгертуі мүмкін. Сонымен қатар экожүйеге де кері әсер етеді. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы саласы зардап шегеді. Мұздықтардың жылдам еруінен алдағы бірнеше жылда су көлемі артуы мүмкін. Бірақ одан кейін оның мөлшері қайта азаяды, - деді Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының өкілі Стефан Уленбрук.

Жаңа зерттеуге сәйкес 3,5 млрд адам кемі бір ай судан таршылық көреді. Тиісті шара қабылдамаса, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 5 миллиардтан асуы әбден мүмкін. Былтыр әлемнің бірқатар аумағында мұздықтардың рекордтық жылдамдықпен еруі тіркелді. 

Мәселен, соңғы екі жылда Швейцарияның Альпі тауларындағы алып мұздар өз массасының шамамен 10%-ын жоғалтқан. Science ғылыми журналында жарияланған зерттеуге сәйкес жаһандық температура 1,5 градусқа жоғарыласа, жер бетіндегі мұздықтардың 50%-ы жойылып, мұхит деңгейі 9 сантиметрге көтеріледі. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ архив
Өзгелердің жаңалығы