2030 жылы Павлодар облысының елді мекендеріне газ жетеді

Аймақта газдандыру мәселелерімен айналысатын жұмыс тобы құрылды. Мамандардың болжамынша, аймақтың елді мекендеріне көгілдір отын 2030 жылы жетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзаиповтың айтуынша, өңірдің өндіріс ошақтарының газ тұтыну бағытында болжамды көлемін талқылау бойынша алғашқы отырыс өткен. Сонымен қатар, халық тұтынатын газ көлемін анықтай есептеулері жүргізді.

«Тауарлық газты тұтынудың болжамды көлемі бойынша облысты газдандыру схемасы әзірленді. Құжаттың бастапқы нұсқасында негізгі транзиттік газ құбыры төрт аудан мен облыс орталығының аумағынан өтеді делінген. Десе де, салалық басқарма өкілдері бұл нұсқамен келіспей, өзгертулер енгізді. Біз аймақтың барлық аудандарын газдандыруды көздеп отырмыз. Бұл шаралар қосымша инвестиция тартуға және газбен жұмыс істейтін жаңа кәсіпорындарды ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, аймақтың экологиялық жағдайы жақсартып, энергия таратушы кәсіпорындардың жүктемесін азайтады», - дейді Ержан Иманзаипов.

Мамандардың айтуынша, жобалық-сметалық құжаттама әзірленген соң газ тарту жұмыстарына жұмсалатын қаржы көлемі де белгілі болмақ. Бұл жұмысқа бір жылдам астам уақыт кетеді деп жоспарланған. Кейін мемлекеттік орталық орган магистральді құбыр құрылысын жүргізеді. Ал жергілікті мекемелер елді мекендерге энергия тарату құбырларының құрылысын қолға алмақ.

Айта кетейік, Павлодарда газ тарату жабдықтары болған. Кей көпқабатты үйлер көгілдір отынмен қамтылған. Алайда, жергілікті атқарушы органдардың шешімімен газгольдерлер сүріліп, учаскелер жекенің қолына өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ -архив
Өзгелердің жаңалығы