2030 жылға қарай әлем халқы жарты млрд адамға көбейеді

Әлем халқының саны 6 жылда жарты миллиардқа артуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz сайтына сілтеме жасап.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, 2050 жылы 9,7 млрд, ал 2100 жылға қарай 11 миллиард болады деген болжам бар.

Дегенмен кей ел халқының санын өсіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаса, өзгелері, керісінше, шектеу қойып жатыр. Қытайда бала туу азайды. Сондықтан үкімет салық жеңілдіктері, ақшалай ынталандыру, медициналық сақтандыру, тұрғын үйге көмекқаржы беріп әлек.

Ал Үндістанда, керісінше, бала тууды шектеп жатыр. Билік 2-ден көп баласы бар адамдарға лауазымды орынды иеленуге тыйым салды. Бұл – үлкен шектеу. Өйткені үнді елінде мемлекеттік қызмет – жалақысы ең жоғары жұмыс. Жалпы әлемде жасы 65-тен асқан адамдар саны 5,5%-тен 10,3%-ке артты.

Бұл – кейінгі жарты ғасырдағы өсім. Есепті Біріккен Ұлттар Ұйымының Халық саны жөніндегі қоры жариялады.

2000 жылдан 2020 жылға дейін ана өлімі 34% төмендеді. Бұл – елеулі жетістік. Сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы жүктілік деңгейі де 30% азайған. Десе де күн сайын 800 әйел бала көтеру, туу кезінде көз жұмады,- дейді БҰҰ Халық саны жөніндегі қорының түркиядағы өкілі Мариям Хан.

Франция билігі бала күтіміне арналған демалыс жүйесін реформалап жатыр. Мерзімі қысқа, бірақ жәрдемақысы жоғары болады. Шамамен айына 400 еуро. Бұл елде былтыр Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең төменгі бала туу көрсеткіші тіркелген еді.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы 162 ел заң қабылдады. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Бірақ мүмкіндігі шектеулі нәзік жандарға қатысты жағдай сын көтермейді. Олар басқаларға қарағанда зорлық-зомбылыққа 10 есе көп ұшырайды. Әр елдің ең маңызды капиталы – оның азаматтары. Сондықтан ерлер мен әйелдерге, жастар мен балаларға салынған инвестицияны бүкіл адамзаттың жағдайын жақсартуға қосылған үлес деп қабылдаған ләзім,- дейді БҰҰ Халық саны жөніндегі қорының түркиядағы өкілі Мариям Хан.

Қазір әлемде 8 миллиард 119 млн адам бар. Кейінгі 13 жылда 34 елде халық саны қысқарды.

Оңтүстік Корея мен Гонконгта 1 мың адамға 6 кісіден келеді. Одан кейінгі орындарда Сан-Марино, Жапония мен Италия тұр.

2100 жылға қарай Еуропа, Латын Америкасы және шағын арал-мемлекеттерде халық саны едәуір қысқаруы мүмкін. Бразилия мен Мексикада да адам азаяды деген болжам бар.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Егемен Қазақстан
Өзгелердің жаңалығы