2030 жылға дейін елімізде 4 газ өңдеу зауыты ашылады
Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Газдың болжамды теңгерімі бойынша тауарлық газды өндіру көлемі тұрақты өсіп жатыр. Былтырғы 22,5 млрд текше метрден бастап 2030 жылға қарай 36,6 млрд текше метрге дейін 1,6 есе өседі деп күтіліп отыр, - деді министр.
Сәтқалиевтің сөзінше, жаңа газ кен орындарын барлауға және игеруге инвестициялар тарту шеңберінде QazaqGaz бен Chevron арасында Ақтөбе облысындағы Жәлібек учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын бірлесіп жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылды.
2026-2030 жылдарға дейінгі кезеңде кезең-кезеңімен 4 газ өңдеу зауытын іске қосу басталады. Атап айтсақ, Қашаған кен орнының шикізаты негізінде – қуаты жылына 1 және 2,5 млрд текше метр, Қарашығанақ кен орнының шикізаты негізінде – қуаты жылына 4 млрд текше метр, сондай-ақ Жаңаөзен қаласында қуаты жылына 900 млн текше метр газ өңдеу зауытын салу, - деп айтты Энергетика министрі отырыста.
Қашаған кен орнының шикізаты негізінде газ өңдеу зауыттарын салу үшін Қатарлық инвестор – UCC Holding тартылған. Қазіргі уақытта «QazaqGaz» бен «UCC Holding» компаниясы осы жобаларды іске асырудың соңғы шарттарын келісіп жатыр.
Қарашығанақ газ өңдеу зауытын салу жобасы оператордың қаражаты есебінен іске асырылады. Биыл ақпан айында EPC-тендеріне қатысуға құжаттарды қабылдау аяқталды. Қазіргі уақытта әлеуетті өнім берушілердің тендерлік өтінімдерін бағалау жүріп жатыр.