2028 жылғы Олимпиададағы бокс салмақтары бекітілді

Лос-Анджелесте өтетін жазғы олимпиада ойындарында бокс бойынша салмақтар бекітілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Халықаралық бокста жаңа кезең басталды – енді барлығы 14 салмақ дәрежесі бойынша чемпиондар анықталады. Бұл жаңашылдық World Boxing ұйымының бастамасымен енгізіліп отыр. Жаңа жүйе әйелдер мен ерлер арасындағы бәсекелерге бірдей әсер етті. 7 салмақ дәрежесі әйелдерге, 7-еуі ерлерге тиесілі болады.

Әйелдер арасындағы бәсекелер кеңейді

Бұған дейін әйелдер арасында 6 ғана салмақ дәрежесі қарастырылса, енді олардың саны 7-ге жетті. Жаңа жүйе бойынша әйелдер арасында мына салмақтарда жүлделер сарапқа салынады:
51, 54, 57, 60, 65, 70 және 75 келі.

Бұл өзгеріс қазақ қыздары үшін зор мүмкіндік. Өйткені, соңғы жылдары Қазақстан ұлттық құрамасының өкілдері Азия чемпионатында да, Әлем чемпионатында да жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, тарихи жетістіктерге жетіп жүр. Жаңа салмақтар олардың шеберлігін көрсетуге және олимпиадалық жеңіс тұғырына көтерілуге қосымша жол ашады.

Ерлер арасында да салмақтар жаңартылды

Ерлер бәсекесінде де өзгерістер бар. Бұрынғыдай 7 салмақ дәрежесі сақталғанымен, олардың ауқымы өзгертілді. Енді жарыстар келесі салмақтар бойынша өтеді:
55, 60, 65, 70, 80, 90 және +90 келі.

Айта кетерлігі, бұрын бәсекелер 51 келіден басталатын. Енді 55 келіге дейінгі салмақта жарыстар өткізілмейді. Сонымен қатар, 70, 80 және 90 келі аралығындағы үлкен салмақ айырмашылықтары боксшылар үшін бейімделуді қиындатып, бапкерлерге де спортшыларды іріктеуде қосымша қиындықтар тудыруы мүмкін.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қазақстан бокс федерациясы
Өзгелердің жаңалығы