26 Қараша 2026, 10:59 Фото: pixabay

2027 жылы қандай банкнота жарамсыз болады: Тізім шықты

Қазақстанда 2027 жылы 500, 1 000 және 10 000 теңгелік ескі үлгідегі банкноталар айналымнан кезең-кезеңімен шығарылады. Ұлттық банк ескі купюраларды қай күнге дейін пайдалануға болатынын және оларды кейін қайда айырбастауға болатынын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

500 теңгелік купюра

2017 жылғы үлгідегі 500 теңгелік банкноталар жаңа үлгідегі купюралармен қатар 2027 жылғы 24 желтоқсанға дейін айналымда болады. Одан кейін төлем жасау үшін тек 2025 жылғы жаңа үлгідегі 500 теңгелік банкноталар қолданылады.

1 000 теңгелік купюра

2014 жылғы үлгідегі 1 000 теңгелік банкноталарды 2027 жылғы 27 наурызға дейін пайдалануға болады. Осы мерзім аяқталған соң айналымда тек 2024 жылғы жаңа үлгідегі купюралар қалады.

10 000 теңгелік купюра

2012 жылғы үлгідегі 10 000 теңгелік банкноталардың айналым мерзімі 2027 жылғы маусымға дейін ұзартылған. Нақтырақ айтқанда, оларды 27 маусымға дейін пайдалануға болады. Одан кейін 2024 жылғы жаңа үлгідегі купюралар ғана айналымда қалады.

20 000 теңгелік купюраға қатысты не белгілі?

Ұлттық банк 2013/2015 жылғы үлгідегі 20 000 теңгелік банкнотаны ауыстыру жаңа купюра шыққаннан кейін, яғни 2027 жылы басталатынын хабарлады. Ескі банкнотаны жаңа үлгімен қатар кемінде тағы бір жыл пайдалануға болады.

Ескі ақшаны қайда айырбастауға болады?

Ескі және жаңа үлгідегі банкноталар белгілі бір уақыт аралығында қатар айналымда болады. Осы кезеңде ескі купюралармен дүкендерде, қызмет көрсету орындарында төлем жасауға болады. Оларды бірден банкке апарып айырбастау міндетті емес.

Айналым мерзімі аяқталғаннан кейін ескі банкноталар төлем құралы ретінде қабылданбайды. Дегенмен оларды айырбастауға мүмкіндік беріледі.

Ескі купюраларды екінші деңгейлі банктер мен «Қазпошта» бөлімшелерінде белгіленген мерзім ішінде, ал Ұлттық банктің аумақтық филиалдарында мерзімсіз айырбастауға болады.

Айырбастау мерзімдері:

  • 500 теңге (2017 жылғы үлгі) – 2027 жылғы 25 желтоқсаннан 2030 жылғы 24 желтоқсанға дейін;
  • 1 000 теңге (2014 жылғы үлгі) – 2027 жылғы 28 наурыздан 2030 жылғы 27 наурызға дейін;
  • 2 000 теңге (2012 жылғы үлгі) – 2026 жылғы 25 маусымнан 2029 жылғы 24 маусымға дейін;
  • 10 000 теңге (2012 жылғы үлгі) – 2027 жылғы 28 маусымнан 2030 жылғы 27 маусымға дейін.

Осы мерзімдер аяқталғаннан кейін ескі банкноталарды тек Ұлттық банктің аумақтық филиалдарында мерзімсіз айырбастауға болады.

Ұлттық банк ескі және жаңа үлгідегі купюралар қатар айналымда болатын кезеңде азаматтар бұрынғы банкноталармен де еркін есеп айырыса алатынын ескертті.