25 Қараша 2026, 16:42 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Нұркен Алишев

2027 жылы кімдердің жалақысы 40%-ға дейін көтеріледі?

2027 жылдан бастап учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы 40%-ға дейін өседі

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесінде жұмыс істейтін учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы 40 пайызға дейін көтеріледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Құрылтайда өткен брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, жыл басынан бері жедел медициналық жәрдем қызметкерлері мен инфекциялық стационарларда жұмыс істейтін инфекционист дәрігерлердің жалақысы көтерілген.

Ал 2027 жылдан бастап жалақысы өсетін мамандардың қатарына учаскелік дәрігерлер, педиатрлар, мейіргерлер, психологтар мен социологтар кіреді. Жалақы мөлшері көрсетілетін медициналық қызметке байланысты белгіленеді. Медициналық ұйымдар қызметті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен жасалған келісімшарт негізінде көрсетеді, - деп айтты Сұлтанғазиев брифингте.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесін жаңғырту қажеттігін атап өткен болатын.

Президент Үкіметке 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап осы бағытта жұмыс істейтін учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыруды тапсырды. Оның айтуынша, бұл 77 мыңнан астам маманның табысын өсіруге мүмкіндік береді.