2027 жылы білім, медицина, әлеуметтік көмекке 10,5 трлн теңге бөлінеді
2027 жылы Қазақстанда адами капиталды дамытуға 10,5 трлн теңге, яғни республикалық бюджет шығыстарының 35%-ы бағытталады. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев Құрылтайдың жалпы отырысында «2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстыру кезінде айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, адамға салынатын инвестициялар – бюджеттің бірінші әрі ең басым бағыты. Бұл шығыстар стратегиялық инвестиция ретінде қарастырылады.
Бірінші және ең басым бағыт – адамға тартылатын инвестициялар. Бұл шығыстар – стратегиялық инвестициялар. 2027 жылы адами капиталға 10,5 трлн теңге немесе жалпы бюджеттің 35%-ы қарастырылған, – деді Мәди Такиев.
Әлеуметтік салаға бөлінетін қаражат азаматтардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталады. Оның негізгі бөлігі әлеуметтік қамсыздандыру мен денсаулық сақтау салаларына жұмсалады.
2027 жылы әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға 6,9 трлн теңге, ал денсаулық сақтау саласына 2,5 трлн теңге қарастырылған.
Денсаулық сақтау саласына бағытталған қаражат тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз етуге, дәрі-дәрмекпен қамтуға және медициналық сақтандыруға жұмсалады.
Министр бұл ретте мақсат тек саланы қаржыландырумен шектелмейтінін атап өтті.
Жалпы міндет – саланы тек қаржыландырумен шектелмей, халық денсаулығының нақты көрсеткіштерін жақсартатын тиісті шараларды қабылдау, – деді ол.
Білім және ғылым саласында да бірқатар бағытқа қаржы қарастырылған. Атап айтқанда, 18 мың бала сауықтыру шараларымен, 76 мың педагог кәсіби біліктілігін дамытумен қамтылады.
Сонымен қатар 217 «Келешек мектебінде» білім беру деңгейі мен сапасын арттыруға бағытталған әдістеме әзірленеді.
Студенттер, магистранттар мен докторанттар үшін жатақханаларда жылына 25 мыңға жуық орын қарастырылған.
Бұдан бөлек, жоғары оқу орындары түлектерін жұмыспен қамтуға ерекше мән берілмек. Оқу орнын бітіргеннен кейінгі бірінші жыл ішінде жұмысқа орналасқан түлектердің үлесін 79%-ға дейін жеткізу көзделген.
Ал 2027 жылы ғылымдағы жаңа жобалар топтамасына 60,4 млрд теңге бағытталады. Бұл 2026 жылмен салыстырғанда 18,4 млрд теңгеге көп.