2027 жылы ауылдар жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылмақ

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев цифрлық экономиканың тиімділігі байланыс инфрақұрылымының сапасына тікелей тәуелді екенін атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, былтыр бұл бағытта барлық негізгі жобалар іске қосылған, ал жұмыстардың басым бөлігі биыл аяқталады. Атап айтқанда, қосымша 1900 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады. Келесі жылы елді мекендердің 90 пайыздан астамы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылмақ.

Сондай-ақ барлық республикалық маңыздағы автомобиль жолдары байланыс инфрақұрылымымен қамтамасыз етіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өткен жылдың желтоқсан айында барлық шекаралық өткізу пункттері интернет желісіне қосылған. Бұдан бөлек, «Қазақстан темір жолы» жолаушылар тасымалының негізгі бағыттарында интернет қолжетімді болады.

Тағы бір маңызды жаңалық - қазақстандық авиакомпаниялардың бортында алғаш рет интернет қызметі іске қосылады. Бұл азаматтардың цифрлық қызметтерге қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді, - деді Мәдиев.

Министрдің айтуынша, аталған цифрлық инфрақұрылым тек ішкі қажеттілікті өтеумен шектелмей, Қазақстанның өңірлік цифрлық байланысты қамтамасыз етудегі көшбасшылық рөлін күшейтеді. Қазақстан аумағында Starlink компаниясы салған gateway-станциялар арқылы спутниктік интернет көршілес елдерге де қолжетімді болмақ. Мәселен, Тәжікстанға интернет трафигі биыл беріле бастайды. Ал алдағы кезеңде Моңғолия мен Қырғызстанды қосу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі бойынша Өзбекстан оффтейк-келісімшарт ұсынған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы