2027 жылғы жәрдемақылар: Қандай отбасылар төлемнен айырылуы мүмкін және мемлекет мұқтаждықты қалай анықтайды?
2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақылардың бір бөлігін тағайындау ережелері өзгереді. Төлем алу құқығы тек адамның әлеуметтік мәртебесіне қарай емес, бүкіл отбасының әл-ауқаты ескеріле отырып анықталады. Жаңа шарттарға көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар, бала туғанда төленетін төлемдер және қолдаудың басқа да түрлері жатады.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, 1,38 млн-ға жуық үй шаруашылығы ең ауқатты екі санатқа жатады. Дегенмен, бұл олардың барлығы жәрдемақыдан айырылады дегенді білдірмейді. Не өзгереді, реформа кімдерге әсер етеді және баспанасы немесе автокөлігі бар адамдар бай отбасына жата ма? Соны қарастырайық.
Мемлекет ережелерді неліктен өзгертіп жатыр?
Бұған дейін көптеген мемлекеттік жәрдемақылар ең алдымен, адамның әлеуметтік мәртебесімен айқындалатын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев түсіндіргендей, санатты анықтау кезінде тек бір көрсеткішке, мысалы, жалақыға немесе жылжымайтын мүліктің болуына ғана сүйенуге болмайды. Жиынтық жағдайлар ескеріледі.
2027 жылдан бастап төлемдердің бір бөлігі үшін қосымша критерий – отбасының әл-ауқат деңгейі енгізіледі. Мемлекет тұтас үй шаруашылығының мүліктік жағдайын бағалауды және бюджеттік қолдауды шынымен мұқтаж жандарға бағыттауды көздейді.
Бұл үшін Отбасының цифрлық картасы қолданылады. Ол мемлекеттік ақпараттық жүйелерден мәліметтерді жинайды және тек табысты ғана емес, сонымен бірге жұмыспен қамтылуды, мүлікті, тұрғын үй жағдайын, несиелік міндеттемелерді және отбасы құрамын бағалауға көмектеседі.
Мемлекеттің ресми ұстанымы – әлеуметтік қолдауды одан әрі атаулы (тек мұқтаждарға бағытталған) ету. Әйтсе де, отбасылар үшін басты практикалық сұрақ басқа: жаңа критерийлер олардың бүгін алып отырған төлемдеріне қалай әсер етеді?
Әрбір бесінші отбасы жәрдемақысынан айырылуы мүмкін бе?
Еңбек министрінің 2026 жылдың қазан айында айтқан мәліметіне сәйкес, 329 мыңға жуық үй шаруашылығы А санатына, ал шамамен 1,05 млн-ы В санатына жатады. Бұл екі топты қосқанда шамамен 1,38 млн үй шаруашылығын құрайды.
-
А санаты – әл-ауқат деңгейі жоғары отбасыларды білдіреді;
-
В санаты – ауқатты/жеткілікті үй шаруашылығын білдіреді.
Міне, осы екі топ үшін бірқатар мемлекеттік жәрдемақыларды алу шарттары өзгереді.
Дегенмен, «1,38 млн отбасы төлемдерден айырылады» деп кесіп айту қате. Бұл сан – қазіргі жәрдемақы алушылардың саны емес, әл-ауқаты жоғары екі санатқа жатқызылған үй шаруашылықтарының жалпы саны. Өйткені бұл отбасылардың барлығы бірдей реформаға ілігетін төлемдерді алып жатқан жоқ.
Сонымен қатар ведомствоның хабарлауынша, 4,8 млн-ға жуық үй шаруашылығы C, D және E санаттарына жатады. Олар заңда қарастырылған шарттар сақталған жағдайда, тиісті қолдау шараларын бұрынғыдай алу мүмкіндігін сақтап қалады.
Сондықтан өзгерістердің нақты ауқымын тек ауқатты үй шаруашылықтарының санымен бағалауға болмайды. Ол үшін бұл отбасылардың каншасы бүгінде белгілі бір жәрдемақыларды алып отырғаны және төлемдердің қаншасы шынымен тоқтатылатыны туралы бөлек деректер қажет.
Отбасының әл-ауқаты қалай анықталады?
Отбасының цифрлық картасы үй шаруашылықтарын бес санатқа бөледі:
-
А – әл-ауқат деңгейі жоғары;
-
В – ауқатты/жеткілікті отбасы;
-
С – әл-ауқат деңгейі қанағаттанарлық;
-
D – экономикалық тұрғыдан осал отбасы;
-
Е – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал отбасы.
Бағалау кезінде табыстар, жұмыспен қамтылу, жылжымайтын мүлік, көлік, жер телімдері, кәсіпкерлік қызмет, несиелік міндеттемелер және басқа да мәліметтер ескеріледі. Сондай-ақ отбасы құрамы да маңызды: балалардың, егде жастағы туыстардың және мүгедектігі бар адамдардың болуы есепке алынады.
Еңбек министрлігінің бұқаралық түсіндірмелерінде отбасының бір мүшесіне шаққандағы табыс мөлшері бойынша бағдарлар берілген болатын: А санаты үшін – шамамен 350 мың теңге және одан жоғары, ал В санаты үшін – шамамен 305-356 мың теңге. Бірақ бұл сомаларды жәрдемақы автоматты түрде тоқтатылатын әмбебап шекті меже деп қарастыруға болмайды.
Бірдей табыс мөлшері екі адамнан тұратын отбасы үшін бір басқа, ал төрт баласы бар отбасы үшін мүлдем басқа материалдық жағдайды білдіруі мүмкін. Сондықтан түпкілікті санат көрсеткіштердің жиынтығы бойынша анықталады.
Пәтердің, автокөліктің немесе несиенің болуы да өздігінен отбасын автоматты түрде ауқатты санатқа жатқызуға негіз болмайды. Оның материалдық жағдайының жалпы көрінісі басты мәнге ие.
Өзгерістер қай жәрдемақыларға әсер етеді?
Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұқтаждық қағидаты мемлекеттік жәрдемақылардың 14 түріне қолданылатын болады. Бұл жерде жарияланған тізімдерде жекелеген төлемдер жалпы санаттарға біріктірілгендіктен, позициялардың саны әртүрлі көрсетілуі мүмкін.
Тағайындау шарттары өзгеретін төлемдердің қатарында:
-
бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы;
-
1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы;
-
көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы;
-
наградталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы;
-
мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар;
-
жекелеген арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар;
-
I топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамға берілетін жәрдемақы;
-
мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға және басқа да заңды өкілдерге берілетін жәрдемақы;
-
арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы.
Сонымен қатар жерлеуге арналған төлемді тағайындау кезінде де мұқтаждықты бағалау бөлек қарастырылған.
Мұнда басты нәрсені түсіну маңызды: жәрдемақы түрінің тізімге енгізілуі оны алушылардың барлығы дерлік ақшадан айырылады дегенді білдірмейді. Жекелеген санаттар үшін ерекшеліктер қарастырылған.
Одан бөлек, мемлекеттік жәрдемақыларды Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін сақтандыру төлемдерімен шатастыруға болмайды. Олардың құқықтық негіздері әртүрлі, сондықтан жаңа шарттарды бала тууына және оның күтіміне байланысты барлық төлемдерге автоматты түрде таңуға болмайды.
Өзгерістер бірінші кезекте кімдерге әсер етуі мүмкін?
Табысы жоғары көпбалалы отбасылар
Егер отбасы төрт немесе одан да көп баланы тәрбиелеп отырса, бірақ кешенді бағалау нәтижелері бойынша А немесе В санатына жатқызылса, көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақы алу құқығынан айырылуы мүмкін.
Бұл ретте балалардың саны өз мәнін жоғалтпайды: ол үй шаруашылығының әлеуметтік тұрақтылығын бағалау кезінде ескеріледі. Бірақ жаңа ережелер бойынша төлемді алу үшін тек көпбалалы болу фактісінің өзі жеткіліксіз болады.
Көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы мен наградталған көпбалалы анаға берілетін жәрдемақыны бөлек ескерген жөн. Бұл – әртүрлі төлемдер және алушылардың жекелеген санаттары үшін шарттары да өзгеше.
Бала туғанда төлем алатын отбасылар
Өзгерістер баланың тууына және оның 1,5 жасқа дейінгі күтіміне байланысты кейбір мемлекеттік жәрдемақыларға да әсер етеді.
Дегенмен, мұнда бюджеттік жәрдемақы мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төленетін әлеуметтік төлемді ажырата білу өте маңызды. Соңғысы адамның міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысуымен байланысты және бөлек нормалармен реттеледі.
Сондықтан 2027 жылдан бастап табысы жоғары барлық ата-аналар балаға берілетін кез келген төлемдерден автоматты түрде айырылады деп айту қате.
Мүгедектігі бойынша және күтім жасайтындарға берілетін жекелеген жәрдемақыларды алушылар
Мүгедектігі бар адамдардың бірқатар санаттары үшін ерекшеліктер қарастырылған. Жекелеп айтқанда, отбасының әл-ауқатының жалпы санаты мүгедектігі бар балаларға, сондай-ақ I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға арнаулы жәрдемақыны тағайындауға әсер етпейді.
Сонымен қатар асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақыны және жасына байланысты зейнетақы алып отырған наградталған көпбалалы аналарға жәрдемақы тағайындау үшін де ерекшеліктер қарастырылған.
Бірақ бұл кепілдіктерді мүгедектікке немесе күтімге байланысты барлық төлемге автоматты түрде таңуға болмайды. Әрбір жағдайда жәрдемақының нақты түрі мен оны тағайындау шарттарын ескеру қажет.
Неліктен формальды түрдегі ауқаттылық әрдайым шынайы әл-ауқатты білдірмейді?
Мұқтаждықты бағалаудың кез келген жүйесіндегі басты мәселелердің бірі – формальды көрсеткіштер мен отбасының шынайы өмірі арасындағы сәйкессіздіктердің болу мүмкіндігі.
Мысалы, екі ата-анасы да жұмыс істейтін, төрт баласы бар үй шаруашылығы. Отбасы айына 900 мың теңге алады, бірақ қаражаттың басым бөлігі ипотекаға, коммуналдық кызметтерге, тамақтануға, білім алуға және басқа да міндетті шығыстарға кетеді.
Қағаз жүзінде мұндай табыс жоғары болып көрінуі мүмкін. Бірақ міндетті төлемдерден кейін қалатын сома өте аз болып шығуы ықтимал.
Тағы бір нұсқа: Отбасы мұраға қалған пәтерге иелік етеді. Жылжымайтын мүліктің болу фактысының өзі оларда күнделікті шығындарды төлеуге артық ақшаның бар екенін білдірмейді.
Дәл осы себепті бағалау кезінде тек активтер мен табыстарды ғана емес, сонымен бірге отбасы құрамын, әлеуметтік жағдайларды және үй шаруашылығының шынайы мүмкіндіктерін ескеру маңызды.
Реформаны жақтаушылар бұрынғы жүйе қаржылық мүмкіндіктері мүлдем әртүрлі отбасыларға бірдей қолдау көрсетіп келгенін айтады. Ал сыншылар формальды бағалаудың салдарынан жекелеген үй шаруашылықтарының басындағы қаржылық қиындықтар ескерусіз қалуы мүмкін деген тәуекелге назар аударады.
Ақыр соңында реформаның тиімділігі жүйенің шынайы ауқаттылық пен әл-ауқаттың формальды белгілерін қаншалықты дәл ажырата алатынына байланысты болады.
Атаулы әлеуметтік көмектің ережелері де басқаша өзгереді
Мемлекеттік жәрдемақылардан бөлек, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) беру шарттары да өзгереді. Бұл – жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген кедейлік шегінен төмен отбасыларға арналған қолдаудың бөлек түрі.
АӘК тағайындау кезінде тек табыс қана емес, сонымен бірге белгілі бір мүліктік және қаржылық жағдайлар да ескерілетін болады. Бас тартуға негіз болуы мүмкін критерийлердің қатарында:
-
бірнеше тұрғын үй нысанының болуы;
-
коммерциялық жылжымайтын мүліктің және жер телімдерінің жекелеген түрлері;
-
қарастырылған ерекшеліктерді қоспағанда, бірнеше жарамды автокөліктің болуы;
-
көліктің және техниканың кейбір түрлеріне иелік ету;
-
банк шоттары бойынша ірі шығыстар;
-
белгіленген кезеңде рәсімделген белгілі бір несиелер мен микронесиелер;
-
белгіленген шектен жоғары банктік депозиттердің/салымдардың болуы;
-
қажетті жеке және банктік деректерді тексеруге міндетті келісімнің болмауы.
Жекелеген отбасылар үшін ерекшеліктер де қарастырылған. Мысалы, автокөліктерге қатысты ережелер әдеттегі және кейбір әлеуметтік осал үй шаруашылықтары үшін бір-бірінен ерекшеленеді.
Бұл жүйені мемлекеттік жәрдемақыларға арналған А–Е санаттарын бағалаумен шатастырмау маңызды. АӘК жағдайында оның меншікті критерийлері қолданылады және қарастырылған негіздердің бірі учаскелік комиссияның шешіміне әсер етуі мүмкін.
Ресми табыстың төмен болуының өзі АӘК тағайындалуына автоматты түрде кепілдік бермейді: бекітілген барлық талаптарға сай болу қажет.
Отбасы бағалаумен келіспесе не істеу керек?
Әл-ауқат санаты тұрақты нәрсе емес. Егер адам жұмысынан айырылса, отбасының табысы төмендесе жеке басқа да маңызды жағдайлар өзгерсе, бағалау өзекті деректер негізінде қайта қаралуы мүмкін.
Сондықтан отбасыларға электрондық үкіметтің қолжетімді сервистері арқылы өзі және жақындары туралы мәліметтерді алдын ала тексеріп алған жөн.
Егер табыс, мүлік немесе үй шаруашылығының құрамы туралы деректерде қателіктер табылса, тиісті ақпаратты берген өкілетті органға хабарласып, оның түзетілуіне қол жеткізу қажет.
Егер жәрдемақы тоқтатылса жеке оны тағайындаудан бас тартылса, себептері туралы ресми түсініктеме алу және шешімді қайта қарау немесе шағымдану тәртібін нақтылап алу маңызды.
eGov Mobile қосымшасындағы әл-ауқат калькуляторының алдын ала нәтижесін төлемді тағайындау немесе тоқтату туралы түпкілікті шешім ретінде қабылдамаған жөн.
Нәтижесінде не өзгереді?
2027 жылдан бастап Қазақстан мемлекеттік жәрдемақылардың бір бөлігін тағайындаудың одан әрі атаулы (тек мұқтаждарға бағытталған) қағидатына көшеді. Қолдау көрсету мәселесін шешу кезінде адамның әлеуметтік мәртебесі ғана емес, бүкіл отбасының мүліктік жағдайы да ескерілетін болады.
А және В санаттарындағы үй шаруашылықтары үшін бұл жекелеген төлемдерді алу құқығынан айырылуды білдіруі мүмкін. С, D және Е санаттарындағы отбасылар қалған талаптар сақталған жағдайда тиісті қолдау шараларына үміткер бола алады, ал кейбір алушылар үшін ерекшеліктер де қарастырылған.
Параллельді түрде атаулы әлеуметтік көмектің де критерийлері катаңдатылуда: тек табыстар ғана емес, сонымен бірге мүліктің, қаржылық активтердің және банктік операциялардың белгілі бір түрлері де мәнге ие болады.
Дегенмен, қазіргі жәрдемақы алушылардың қаншасы нақты төлемдерден айырылатынын дәл айту әлі мүмкін емес. Ауқатты санаттарға жатқызылған үй шаруашылықтарының саны бұл сұраққа толық жауап бермейді.
Реформа табыстылығының басты критерийі – бюджет шығыстарын азайту ғана емес, сонымен бірге шынайы жағдайы формальды көрсеткіштерде көрініс таппайтын отбасыларды қолдаусыз қалдырмай, көмекті шынымен мұқтаж жандарға бағыттауға мемлекеттің қабілетті болуы.
Жаңа жүйенің тәжірибеде қаншалықты атаулы болатынын дәл осы жайт көрсетеді.