2027 жылдың соңына дейін Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейсі ашылуы мүмкін
Кездесу барысында қазақстандық әуе компанияларының әуе кемелері паркін жаңарту мәселесі де сөз болды.
Монреаль қаласында өтіп жатқан Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) әуе көлігі жөніндегі 7-ші дүниежүзілік конференциясы (ATConf/7) аясында ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев АҚШ делегациясының басшысы, АҚШ Көлік министрінің авиация және халықаралық қатынастар жөніндегі ассистенті Дэниел Дж. Эдвардспен кездесті.
Келіссөз барысында Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын орнату перспективалары және азаматтық авиация саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Кездесуде Қазақстан Президентінің биыл желтоқсан айында АҚШ-тың Майами қаласында өтетін G20 саммитіне шақырылғаны да атап өтілді.
Қазіргі уақытта Қазақстан АҚШ Федералдық авиациялық басқармасының (FAA) 1-санатын алу бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр. Қыркүйек айында америкалық сарапшылар аудит жүргізіп, оның алдын ала қорытындысы бойынша оң бағаларын берген.
Тараптар сондай-ақ 2027 жылдың соңына дейін Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе рейсін ашу жоспарын талқылады.
«Біз Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын іске қосуға мүдделіміз және осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Елдеріміз арасында жасалған «Ашық аспан» туралы келісім бұл бастаманы жүзеге асыруға берік құқықтық негіз қалыптастырады. АҚШ-тың авиациялық билік органдарымен сындарлы өзара іс-қимылды жоғары бағалаймыз және қалған рәсімдердің жақын арада аяқталатынына сенім артамыз», – деді Талғат Ластаев.
Кездесу барысында қазақстандық әуе компанияларының әуе кемелері паркін жаңарту мәселесі де сөз болды. Атап айтқанда, Air Astana компаниясы 2026-2027 жылдары АҚШ-қа рейстер ұйымдастыру үшін пайдалануды жоспарлап отырған үш Boeing 787 Dreamliner ұшағының жеткізілуін күтуде.
Бұдан бөлек, 2025 жылы америкалық Boeing компаниясымен жалпы құны 15 млрд АҚШ долларын құрайтын 33 әуе кемесін жеткізу жөнінде келісімдер жасалған. Бұл келісімдерге биыл ақпан айында Қазақстан Президентінің АҚШ-қа жұмыс сапары барысында қол жеткізілген.
Вице-министрдің айтуынша, тікелей әуе қатынасының ашылуы Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланысты дамытудағы маңызды кезең болмақ. Бұл іскерлік және туристік байланыстарды нығайтуға, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға, сондай-ақ Орталық Азияның АҚШ-пен көліктік байланысын кеңейтуге ықпал етеді.
Кездесу соңында тараптар тікелей әуе қатынасын іске қосу және азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін қажетті практикалық мәселелерді шешу бағытындағы диалог пен бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.