28 Қыркүйек 2026, 19:39 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

2027 жылдан бастап МӘМС жүйесінде не өзгереді: Денсаулық сақтау министрлігі түсіндірді

МӘМС жүйесіндегі 2027 жылғы өзгерістер.

Қазақстанда денсаулық сақтауды қаржыландырудың басым бөлігі сақтандыру моделіне көшуі жалғасуда. 2026-2027 жылдары жалпы сомасы 700 млрд теңгені құрайтын кейбір міндеттемелерді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен (ТМККК) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне кезең-кезеңімен ауыстыру жоспарланып отыр. Осыңан байланысты медициналық көмектің базалық түрлері азаматтардың сақтандырылған немесе сақтандырылмаған мәртебесіне қарамастан қолжетімді болып қала береді.

Сақтандырылған және сақтандырылмаған азаматтар үшін не өзгереді? Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері айтып берді.

Өзгерістер Мемлекет басшысы 2025 жылы қол қойған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызметтер көрсету мәселелері туралы заңға байланысты.

Денсаулық сақтау министрлігі түсіндіргендей, 2026-2027 жылдары қаржыландырудың аралас моделінен негізінен сақтандыру моделіне көшу жалғасады.

Осы кезеңде 700 миллиард теңге сомасындағы міндеттемелерді тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен МӘМС жүйесіне кезең-кезеңімен ауыстыру жоспарлануда. Сонымен қатар республикалық бюджет шығындарының құрылымы қайта қаралып, тиісті міндеттемелер МӘМС арқылы қаржыландырылатын болады.

Сондай-ақ 2027 жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне мемлекет жарналарының мөлшерлемесі біртіндеп ұлғая бастайды.

Министрлік мемлекет жарналарының мөлшерлемесі 2026 жылғы 2,2%-дан 2037 жылға қарай 4,7%-ға дейін өсетінін нақтылады.

Сақтандыруға қарамастан не тегін болып қалады?

Қазақстанда денсаулық сақтауды қаржыландырудың аралас бюджеттік-сақтандыру моделі жұмыс істейді. Оған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және МӘМС жүйесі кіреді.

«ТМККК республикалық бюджеттен қаржыландырылады және сақтандырылған мәртебесіне қарамастан барлық азаматтарға мемлекет кепілдік берген базалық медициналық көмекті қамтамасыз етеді. МӘМС мемлекеттің, жұмыс берушілердің, жұмыскерлердің, жеке кәсіпкерлердің және дербес төлеушілердің жарналары мен аударымдары есебінен қалыптасады», – деп түсіндірді министрлікте.

Қазіргі уақытта ТМККК шеңберінде жедел және шұғыл көмек, алғашқы медициналық-санитариялық көмек, әлеуметтік маңызы бар және инфекциялық ауруларды емдеу, профилактикалық тексерулер, скринингтер, паллиативтік көмек және бірқатар аурулар бойынша дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қолжетімді.

МӘМС шеңберінде қосымша консультативтік-диагностикалық қызметтер, жоспарлы госпитализация, медициналық оңалту, жоғары технологиялық медициналық қызметтер және көмектің басқа түрлері қолжетімді.

Сақтандырылған мәртебесі бар азаматтар үшін МӘМС шеңберіндегі медициналық көмек пакеті дәрігердің тағайындауы бойынша толық көлемде сақталады.

Сақтандырылмаған адамдармен не болады?

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар немесе жарналар түспеген азаматтарға «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі көрсетіле береді.

Ал жекелеген жеңілдікті санаттағы тұрғындар үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлейді.

Олардың қатарына балалар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі бала тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін азаматтар, жүктілікке және босануға байланысты демалыста жүрген адамдар және басқа да санаттар кіреді.

Сақтандырылған мәртебесін қалай алуға болады?

Егер адамның МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесі болмаса, ол дербес төлеуші ретінде ала алады.

Министрліктің мәліметінше, бүгінгі таңда дербес төлеуші үшін төлем мөлшері айына 4 250 теңгені құрайды. Мәртебе алу үшін төленбеген айлар үшін жарналарды төлеуге болады.

Сонымен қатар жүйеге енудің баламалы тетігі – алдағы 12 ай үшін жарналарды алдын ала төлеу қарастырылған.

Жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің жарналары өсе ме?

Денсаулық сақтау министрлігі хабарлағандай, 2027 жылы жұмыскерлер, жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер және дербес төлеушілер үшін МӘМС жарналары мен аударымдарының мөлшерлемелерін арттыру жоспарланбаған.

Өзгерістер мемлекет жарналарына қатысты болады: олардың мөлшерлемесі біртіндеп көтеріледі.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС-ке төлемдер есептелетін база өзгерді. Оның жоғарғы шегі ұлғайтылды: жұмыс берушілердің аударымдары үшін – 40 АЖМ (айлық есептік көрсеткіш емес, орташа жалақы немесе ең төменгі жалақы), ал жұмыскерлердің жарналары үшін – 20 ЕТЖ дейін.

Алдағы өзгерістер ең алдымен ТМККК пен МӘМС арасындағы қаржыландыруды қайта бөлуге қатысты. Базалық медициналық көмек сақтандыру мәртебесіне қарамастан қолжетімді болып қала береді, ал медициналық қызметтердің кеңейтілген пакеті МӘМС жүйесінде көрсетіледі. Бұл ретте 2027 жылы жұмыскерлер мен жұмыс берушілер үшін жарна мөлшерлемелерін көтеру жоспарланбаған.