20 Қараша 2026, 15:11 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

2027 жылдан бастап кімнің жалақысы өседі?

Қазақстанда учаскелік дәрігерлер, медбикелер, психологтар мен емханалардың әлеуметтік қызметкерлеріне қосымша ақы төлеу ұсынылып отыр. Үстемеақы мөлшері маманның еңбек өтілі мен лауазымына байланысты болады. Жаңа төлемдерді 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тиісті Үкімет қаулысының жобасын Денсаулық сақтау министрлігі әзірледі. 

Кімдерге және қанша үстемеақы төленеді?

Учаскелік дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлеріне алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарындағы үздіксіз еңбек өтілі үшін үстемеақы белгілеу ұсынылып отыр.

Қосымша төлем мөлшері:

  • 20% – еңбек өтілі 2 жылдан асқан жағдайда;
  • 30% – еңбек өтілі 3 жылдан асқан жағдайда;
  • 50% – еңбек өтілі 5 жылдан асқан жағдайда.

Бұл төлемдер учаскелік терапевтерге, педиатрларға, жалпы практика дәрігерлеріне, сондай-ақ учаскелік, патронаждық және мектеп медбикелеріне, фельдшерлер мен акушерлерге берілуі мүмкін.

Бұдан бөлек, алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында халыққа тікелей қызмет көрсететін психологтар мен әлеуметтік қызметкерлерге де жеке үстемеақы қарастырылған.

Жобаға сәйкес, психологтарға лауазымдық базалық айлықақысының 300%-ы, ал әлеуметтік қызметкерлерге 200%-ы мөлшерінде қосымша ақы төлеу ұсынылады.

Бұл төлемдер мамандардың жалпы жалақысы автоматты түрде үш-төрт есе өседі дегенді білдірмейді. Үстемеақы қызметкердің толық жалақысынан емес, белгіленген базалық лауазымдық айлықақысынан есептеледі.

Жаңа төлемдер не үшін енгізілмек?

Денсаулық сақтау министрлігі қосымша төлемдер емханалардағы мамандарды жұмыста ұстап қалуға және жаңа кадрларды тартуға көмектеседі деп есептейді.

Қазір ведомство алдында кадр тапшылығын және жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің жүктемесін азайту міндеті тұр. Министрлік еңбек өтіліне қарай берілетін үстемеақы медицина мамандарының өз жұмыс орнында қалуына қосымша ынталандыру болады деп санайды.

Қаулы жобасы Президенттің 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау аясында әзірленген.

Егер қаулы қабылданса, еңбекақы төлеудің жаңа тәртібі 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Әзірге құжат жобалық кезеңде. Сондықтан ұсынылған үстемеақы мөлшерлері әлі бекітілген жоқ.