2026 жылы Ұлттық әуе жүк тасымалдаушысы іске қосылады

Қазақстанда келесі жылы Smart Cargo кедендік және логистикалық қызметтер көрсетілетін бірыңғай цифрлық жүйесі енгізіледі. Сондай-ақ ұлттық әуе жүк тасымалдаушы компаниясы іске қосылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары–Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

2026 жылы Smart Cargo кедендік және логистикалық қызметтер көрсетілетін бірыңғай цифрлық жүйесі енгізіліп, Ұлттық әуе жүк тасымалдаушы компаниясы іске қосылады. Қабылданған барлық шараларды ескере отырып, Қазақстан арқылы жүк тасымалдау көлемі 2 есеге ұлғаяды деп күтілуде. Көлік-логистикалық әлеуетті дамыту мақсатында, мықты инфрақұрылымдық негізді қалыптастыру маңызды болып саналады, - деп атап өтті вице-премьер.

Сонымен қатар ол бірнеше инфрақұрылымдық жобаның іске қосылатынын алға тартты.

«Бақты-Аягөз» жаңа теміржол учаскелері, «Сексеуіл-Бейнеу» автомобиль жолы және осылар сияқты маңызды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылады. Туризм саласында Алматы тау кластерін дамытуға баса назар аударылады. Нәтижесінде тау шаңғысы курорттарының өткізу қабілеті 4 есеге артады. Курорттық аймақтарды кеңейту және жабдықтау бойынша шараларды іске асыру ішкі туризмді дамытуға қосымша серпін береді, - деді Серік Жұманғарин.

Сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін реформалау цифрлық шешімдерді белсенді енгізу, оның ішінде энергия тиімділігін арттыру арқылы іске асырылатын болады.

Іске қосуға жоспарланған Бірыңғай ұлттық платформасы құрылыстың барлық кезеңінде жан-жақты есепке алуды, жоспарлауды және мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Су инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері суды үнемдеу технологияларын және суды ұқыпты пайдалануға қойылатын талаптарды заңнамалық тұрғыдан бекітуді көздейді, - дейді министр.

Бұдан басқа 18 су қоймасы мен 14,5 мың км ирригациялық каналдарды реконструкциялау және 9 жаңа су қоймасының құрылысы бойынша жұмыстар жалғасады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы