2026 жылы тойланатын мерекелер мен айтулы даталар
2026 жыл еліміз үшін тарихи жадыны жаңғыртып, ұлттық рухты нығайтуға бағытталған маңызды кезеңдердің бірі болмақ. Себебі бұл жылы дәстүрлі түрде аталып өтетін мерекелерден бөлек, қазақтың бірқатар көрнекті зиялыларының мерейтойлары да тойланбақ. BAQ.KZ тілшісі жылқы жылында ел жадында жаңғыратын маңызды күндерге шолу жасады.
Алаш арыстарының мерейтойлары
2026 жыл Алаш қозғалысының көшбасшысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның туғанына 160 жыл толуымен ерекшеленеді. Ол қазақ мемлекеттілігі идеясының негізін қалап, ел мүддесін саяси күрестің өзегіне айналдырған тарихи тұлға ретінде танылды. Оның ұлт тағдырына қатысты көзқарасы мен принципшілдігі бүгінгі Қазақстан үшін де өзекті.
Сондай-ақ келер жылы ұлт ұстазы, ағартушы Ыбырай Алтынсаринның туғанына 185 жыл толады. Қазақ тіл білімінің іргетасын қалап, ұлттық баспасөзді қалыптастырған ол- ел руханиятының темірқазығына айналған ірі қайраткер.
Ғылым мен әдебиет алыптары
2026 жылы қазақ ғылымының шамшырағы, ғалым әрі ағартушы Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толады. Оның этнография, тарих және мәдениет саласындағы еңбектері қазақ халқын әлемге танытты.
Әдебиет саласында да бірқатар ірі даталар бар. Қазақ поэзиясының шебері Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл. Оның өлеңдері бүгінге дейін талай жастың жүрек сырларын жазып, сезімдерімен бөлісетін өлең жолдары болып отыр.
Сонымен қатар, ақын, айтыскер, аңыз адам Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуы да әдеби орта үшін маңызды дата болмақ.
Өнер, мәдениет және ғылым
2026 жыл дәстүрлі өнер өкілдерінің де мерейтойларымен есте қалмақ. Қазақ әдебиетінің классигі, жазушы Қабдеш Жұмаділовтің туғанына 90 жыл, ал қазақ кәсіби музыкасының негізін қалаушылардың бірі – Ахмет Жұбановтың туғанына 120 жыл толады.
Саз өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған композитор Кеңес Дүйсекеев пен поэзиядағы сыршыл әрі отансүйгіш жырларымен танылған ақын Күләш Ахметова 2026 жылы 80 жасқа және қазақ киносының шамшырағы Меруерт Өтекешова 75 жасқа толады.
Қазақ спорт тарихындағы дара тұлға, әлемге танылған балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 155 жыл толса, қазақ спортын әлемге танытқан палуан Жақсылық Үшкемпіровтің туғанына - 75 жыл болады. Ол сондай-ақ қазақ ауылдарының дамуын да көп насихаттаған жан. Сондай-ақ жылқы жылында ғарышқа үш рет ұшқан ғарышкер Талғат Мұсабаев туғанына 75 жыл болса, осы жылы тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің 80 жас мерейтойы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтілмек. Ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов 90 жасқа келеді.
Тарихи тұлғалар мен тағдырлы оқиғалар
2026 жылы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің туғанына 60 жыл толады. Оның ерлігі мен қайсарлығы азаттық жолындағы күрестің символына айналды.
Сондай-ақ 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толады. Бұл Қазақстанның ядролық қарусыздану жолындағы тарихи шешімі ретінде әлемдік қауіпсіздікке қосқан зор үлесі.
Бұдан бөлек, Қазақ КСР атауының Қазақстан Республикасы болып өзгертілгеніне 35 жыл, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекет ретінде жарияланғанына 35 жыл толады. Бұл шешім ел тарихындағы шешуші кезеңдерді еске салатын маңызды даталар болып есептелінеді.
Ал 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына 40 жыл толуы ұлттық сананың оянуына себеп болып, егемендікке қол жеткізген тарихи белесті тағы бір мәрте зерделеуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге 2026 жылы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске 190 жыл толады. Бұл қозғалыс қазақ халқының отарлық езгіге қарсы күрес рухын айқын көрсеткен тарихи оқиға ретінде бағаланады.
Бұл 2026 жылы атап өтілетін мерекелер мен айтулы даталардың тек бір бөлігі ғана. Жалпы барлық айтулы оқиға мен даталар елдің дамуында тарихтан хабар беретін маңызды кезеңдерді құрайды. Сондықтан жылқы жылында тойланатын әрбір мерейтой да, ауқымды дата да халықтың санасы мен тағылымын тереңдетуде маңызды рөл атқармақ.