2026 жылы салық декларациясын тапсыру ережелері жаңарады
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салық есептілігін тапсыру тәртібіне бірқатар маңызды өзгерістер енгізіледі. Жаңа тәртіпке сәйкес, егер салық төлеуші белгіленген мерзімде декларацияны тапсырмаса, ақпараттық жүйе салық сомасы нөлге тең екенін көрсететін есепті автоматты түрде қалыптастырады. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісі Мемлекеттік кірістер департаментінен сұрап білді.
Бұл жаңалық ескерту хаттарының артық жолдануын, банк шоттарындағы шығыс операцияларының тоқтатылуын, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 272-бабы бойынша айыппұл салынуын болдырмауға мүмкіндік береді. Яғни бизнеске түсетін жазалау шаралары айтарлықтай жеңілдейді.
Әкімшілік жауапкершілік тек мемлекеттік кірістер органдары кіріс айналымын өздері анықтаған жағдайда ғана қолданылады. Ал егер салық төлеуші табысты өзі байқап, қосымша декларация тапсыратын болса, жауапкершілікке тартылмайды.
Автоматты түрде есептілік қалыптастыру үшін салық төлеушінің жеке кабинетінде тапсырылуы тиіс есептілік нысандары алдын ала дұрыс таңдалуы қажет. Осыған байланысты кәсіпкерлерге өз досьесін алдын ала жаңартып қою ұсынылады. Функция 2026 жылғы қаңтардан бастап қолжетімді болады,-дейді Мемлекеттік кірістер департаменті.
«Декларацияны» кері қайтарып алу қызметі жойылады
Қателіктерді азайту және есептіліктің сапасын арттыру мақсатында 2026 жылдан бастап «Салық есептілігін қайтарып алу» қызметі толықтай тоқтатылады.
Енді декларацияға өзгеріс енгізу тек қосымша салық есептілігін тапсыру арқылы жүзеге асады. Сондықтан декларация жіберер алдында барлық мәліметтердің дұрыстығын мұқият тексерген жөн,- дейді Ведомство.
Сондай-ақ, енді салық есептілігін қайтарып алуға мүмкіндік болмайтынын ескертеді.
Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес салық есептілігін тапсыру мерзімін ұзарту мүмкіндігі енді қарастырылмайды. Осыған орай салық төлеушілерге декларацияларды уақытылы дайындап, мерзімінде тапсыру ұсынылады,-деп жазады хабарламада.
Салық органының кодын автоматты таңдау мүмкіндігі енгізіледі
Жаңа ИСНА ақпараттық жүйесінде салық төлеушінің тіркеу мекенжайына сәйкес келетін салық органының коды автоматты түрде анықталып, есептілік нысандарына өздігімен енгізіледі. Бұл қызмет құжат толтыру барысында жіберілетін қателерді азайтуға бағытталған. Қажет болған жағдайда салық төлеуші кодты қолмен өзгерте алады.
2026 жылы декларацияны қалай тапсырамыз?
Жүйедегі жеке кабинетіңізде өзіңізге қатысты есептілік нысандарын тексеріп, дұрыс толтырылғанына көз жеткіземіз. Содан соң декларацияны мерзімінде тапсырамыз. Қате кетсе, қосымша нысан жіберу керек.
2026 жылғы жаңа талаптар салық төлеушілерге белгілі бір жеңілдік бергенімен, жауапкершілікті де күшейтеді. Автоматты декларация – бұл айыппұлдан қорғау механизмі. Бірақ кәсіпкердің есепті уақытында өткізу міндеті өз күшінде қалады.