Бүгiн 2026, 20:18 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

2026 жылы қазақстандықтардың нақты табысы өседі деп болжануда

Олжас Бектенов биыл азаматтардың нақты табысын кем дегенде 2-3%-ға арттыруды мақсат етіп қойғанын айтты.

Қазақстанда биылдың өзінде инфляцияны бәсеңдетіп, халық табысының өсуіне қол жеткізу жоспарлануда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Астанада Үкіметтің халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастығы жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Кездесуде инфрақұрылымдық жобалар, инфляцияны төмендету шаралары, экономиканы дамыту және технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні енгізу мәселелері талқыланды.

Инфляцияның өткен жылдың күзінен бастап бәсеңдей бастағаны аталып өтті. 

Біз баға қысымын, инфляция деңгейін төмендету жөніндегі саясатты табанды түрде жалғастыруға ниеттіміз. Үкіметтің, Ұлттық Банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі бірлескен бағдарламасы жүзеге асырылуда. Биыл біз азаматтардың нақты табысын кем дегенде 2-3%-ға арттыруды алдымызға мақсат етіп қойдық. Бұл – жүзеге асырылып отырған ауқымды жұмыс, - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сондай-ақ, жиын барыында Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының өкілдері реформаларды жалғастыруды, жеке сектордың рөлін күшейтуді және экономиканың өнімділігін арттыруды ұсынды.

Премьер-министр цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту – негізгі ұлттық басымдықтардың бірі. 2026 жыл елімізде Цифрландыру жылы деп жарияланды, атап айтқанда, жасанды интеллектіні жаппай енгізу, цифрлық сервистерден интеллектуалды мемлекеттік платформаларға көшу және экономиканың барлық секторында деректерге негізделген тәсілдерді кеңінен енгізуге басымдық берілуде. Біз бұл бағытта озық қарқынмен ілгерілеуіміз керек, - деп атап өткен Олжас Бектенов ХҚҰ өкілдерін ЖИ саласындағы белсенді ынтымақтастыққа шақырды.

Сонымен қатар, тараптар инфрақұрылымды жаңғырту жобаларын, соның ішінде Ақтөбедегі кәріздік тазарту құрылыстарын қарастырып, кеңес құрамын кеңейтуді қолдады.

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің халықаралық қаржы ұйымдарымен белсенді өзара іс-қимылының маңыздылығына назар аударып, тиісті мемлекеттік органдарға отырыста айтылған ұсыныстарды зерделеуді тапсырды. 

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда медианалық көрсеткіш бойынша жалақы 340 мың теңге, ал орташа айлық жалақы 473 мың теңгеден асқаны хабарланды. 

Сондай-ақ, Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев мұнай бағасы өскеннен кейін қазақстандықтардың жалақысы көтеріле ме деген сауалға жауап берген болатын.