14 Қыркүйек 2026, 17:30 Фото: ©BAQ.KZ коллажы/Арман Мухатов

2026 жылы Қазақстанда АӘК тағайындау тәртібі қалай өзгерді және әдістеме қалай жұмыс істейді?

Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындау тәртібіне өзгерістер енгізілді. Жаңа нормалар учаскелік комиссиялардың жұмысын, өтініштерді қарау рәсімін және мұқтаждық деңгейін анықтау талаптарын нақтылайды. BAQ.KZ тілшісі өзгерістердің мәні және АӘК алушыларға қандай талаптар қойылатынына шолу жасады. 

Негізгі өзгерістер

Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 2026 жылғы 17 маусымдағы №247 бұйрықпен атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көрсету тәртібін және отбасылардың әлеуметтік әл-ауқатын бағалау әдістемесін реттейтін құжаттарға өзгерістер енгізді. 

Жаңа нормалар 2026 жылғы 3 шілдеден бастап күшіне енді.

Өзгерістер учаскелік комиссиялар туралы үлгілік ережеге және АӘК тағайындау кезінде мұқтаждық деңгейін анықтау критерийлеріне қатысты болды.

Мансап орталығының мәртебесі нақтыланды

Құжатқа сәйкес, мансап орталығы енді ресми түрде еңбек мобильдігі орталығының филиалы ретінде айқындалды. Ол аудандарда, республикалық маңызы бар қалаларда және елордада осы орталықтың функцияларын орындайды.

Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға жауапты уәкілетті орган ұғымы нақтыланды. Бұл міндет жергілікті атқарушы органдарға жүктелген.

Учаскелік комиссиялардың жұмысына жаңа талап енгізілді

Жаңа тәртіп бойынша учаскелік комиссиялар туралы ереже Үлгілік ереже негізінде әзірленуі тиіс. Құжат жергілікті өкілді органдармен келісіліп, кейін тиісті деңгейдегі әкімдіктердің шешімімен бекітіледі.

Азаматтарға шешімге шағымдану мүмкіндігі берілді

Енгізілген өзгерістердің бірі өтініш берушілердің құқықтарын қорғауға бағытталған.

Егер азамат учаскелік комиссияның қорытындысымен келіспесе, ол Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабында көзделген тәртіппен шешімге шағым түсіре алады.

АӘК кімдерге беріледі?

Жаңартылған критерийлерге сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек алу құқығы Қазақстан азаматтарына, қандастарға, босқындарға, шетелдіктерге және ел аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарға сақталады.

Кейбір жағдайларда АӘК тағайындалмайды. Мәселен, егер жан басына шаққандағы табыс кедейлік шегінен жоғары болса, өтініш беруші материалдық жағдайын тексеруге мүмкіндік бермесе немесе учаскелік комиссия отбасының көмекке мұқтаж еместігін анықтаса, төлем берілмейді. Сонымен қатар еңбекке қабілетті отбасы мүшесі жұмыспен қамту шараларынан бас тартқан жағдайда да көмек тағайындалмайды. Ал жалған мәлімет немесе құжат ұсынған азаматтар алты айға дейін АӘК алу құқығынан айырылуы мүмкін.

АӘК мөлшері қалай есептеледі?

Көмек мөлшері әр отбасы үшін жеке есептеледі. Ол өңірлік кедейлік шегі мен отбасының жан басына шаққандағы орташа табысының арасындағы айырма негізінде анықталады.

Мысалы, бес адамнан тұратын отбасының жалпы айлық табысы 150 мың теңге болса, бір адамға шаққандағы табыс 30 мың теңгені құрайды. Егер өңірдегі кедейлік шегі 45 мың теңге болса, әр отбасы мүшесіне 15 мың теңгеден төленеді. Бұл жағдайда отбасының ай сайын алатын АӘК көлемі 75 мың теңгені құрайды.

Бұдан бөлек, АӘК алатын отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі әр балаға қосымша төлем қарастырылған. Оның мөлшері – 1,5 айлық есептік көрсеткіш.

АӘК алуға қалай өтініш беруге болады?

Өтінішті тұрғылықты жердегі мансап орталығы арқылы беруге болады. Егер елді мекенде мұндай орталық болмаса, ауыл немесе кент әкіміне жүгінуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ өтінішті eGov.kz порталы арқылы онлайн жолдауға болады.

АӘК рәсімдеу үшін өтініш берушіден жеке басын куәландыратын құжат қана талап етіледі. Бұл жеке куәлік, ықтиярхат, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, босқын куәлігі немесе қандас мәртебесін растайтын құжат болуы мүмкін.

Отбасы құрамы, табыс көлемі және мүлік туралы ақпарат мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады. Дегенмен қажет болған жағдайда өтініш иесі алимент туралы анықтама немесе тұрғын үй төлемдері жөніндегі мәліметтер сияқты қосымша құжаттарды ұсына алады.

Айта кетейік, АӘК өтініш берілген айдан бастап тағайындалады. Сонымен қатар отбасы мүшелерінің өтініш беріп отырған елді мекенде кемінде алты ай тұрақты немесе уақытша тіркеуі болуы қажет.