Бүгiн 2026, 12:31 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

2026 жылы ормандарды өрттен смарт жүйе қорғайды

Авиациялық қорғау 9,6 млн гектарды қамтып, ел бойынша 626 дрон өрт қаупін бақылауға дайын

Қазақстанда орман өртінің алдын алу үшін цифрлық бақылау, авиация және дрондар кеңінен қолданылып жатыр. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының м.а. Мақсат Елемесов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, орман қорын өртті ерте анықтау жүйесімен қамту аумағы 1,5 млн гектардан 2,5 млн гектарға дейін ұлғайтылған. Қазіргі таңда бұл жүйе «Сайрам-Өгем», «Баянауыл», «Қарқаралы», «Бұйратау», «Іле-Алатауы» және «Көлсай көлдері» ұлттық парктерінде енгізіліп жатыр. Ал 1 қыркүйекке дейін оны Шығыс Қазақстан облысының аумағына кеңейту жоспарланған.

Сонымен қатар биыл ормандарды авиациялық қорғаумен қамту көлемі 8,8 млн гектардан 9,6 млн гектарға дейін артқан. Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында, сондай-ақ елорда маңындағы жасыл белдеуде үш жаңа авиациялық орналасу нүктесі ашылды.

Қазіргі уақытта авиациялық базаларда 18 тікұшақ пен 3 ұшақ орналастырылған. Жалпы өрт қаупі жоғары кезеңде 26 әуе кемесі жұмылдырылады. Оның ішінде 13 тікұшақ кемінде 600 литр су тасымалдайтын арнайы құрылғылармен жабдықталған.

Бұдан бөлек, орман шаруашылықтарында 626 ұшқышсыз ұшу аппараты бар.

Өткен жылдармен салыстырғанда дрондар арқылы патрульдеу айтарлықтай артты. Қазір олардың барлығы толық жұмыс режимінде пайдалануға дайын, - деді Мақсат Елемесов.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық жұмыстары аяқталғаны хабарланды.