2026 жылы несие алатындар азайып, халықтың тұрмысы жақсарады- нумеролог маман

Әр жыл өз тарихын жазады. Ал 2026 жылға берілетін баға мен болжам мүлде бөлек. BAQ.KZ тілшісі сегіз жылдық тәжірибесі бар нумеролог Құралай Бақытпен жаңа жылда елімізде болатын өзгерістер туралы әңгімелесті.

– Құралай ханым, ең алдымен 2026 жылға жалпы нумерологиялық сипаттама берсеңіз.
– Жыл саны – 1. Бұл – жаңа бастамалардың, іргетасы қаланатын кезең. Алдағы 9 жылдық циклдің алғашқы жылы болғандықтан, үлкен өзгерістер мен серпілістер көп болады деп күтіледі. Жылдың стихиясы – от. От-жылдамдықтың, қозғалыстың, прогрестің және трансформацияның символы. Сондықтан 2026 жылы өмірдің барлық саласы тез қарқынмен дамиды.

– Өткен жылды "карма жылы" деп атап едіңіз. Ал бұл жылды қалай атауға болады?
– 2026 жылды ғылым, спорт және IT жылы деуге болады. Мен келер жылға «жаһандану жылы» деген атау берер едім. Себебі осы жылы ғылым мен технология саласында бұрын-соңды болмаған үлкен қадамдар жасалады. Автоматтандыру, цифрландыру, жаңа сервистер, жасанды интеллект – барлығы қарқынды түрде дамиды.

– IT саласы туралы не айтасыз?
– IT саласы ерекше қарқынмен дамиды. Инновациялар, жаңа платформалар, автоматтандыру жүйелері кең көлемде енгізіледі. Бұл – жаңа өркениетке жасалатын маңызды қадам.

– Ал адамдарды қандай өзгерістер күтіп тұр?
– Көп адам денсаулығына мән бере бастайды. Спортқа бет бұрып, дұрыс тамақтану режиміне көшіп, тәртіпке келеді. Жалпы, салауатты өмір салты бірінші орынға шығады.

– 2026 жыл кімдерге сәтті болады?
– От стихиясын көтеретін жандарға, яғни 1966–67, 1976–77, 1986–87, 1996–97, 2006–07, 2016 жылдары туған адамдар үшін бұл жыл сәтті болмақ. Сондай-ақ туған күн мен туған айдың қосындысынан 1, 5, 6 немесе 8 сандары шығатын адамдарға да жыл өте қолайлы.

– Жылқы жылында елімізді қандай өзгерістер күтіп тұр?
– Егер биыл концерттер көп болса, келесі жылы спорттық іс-шаралар күрт көбейеді. Халыққа қызмет көрсету саласы барынша автоматтандырылады. Несие алу азаяды. Жыл соңына қарай «6 энергиясы» қосылып, еңбек, тәртіп және қаржылық тұрақтылық кезеңі басталады. Халық қаржылық сауаттылыққа бет бұрып, ақша жинауды, кәсіп игеруді үйренеді. Онлайн сауда мен заманауи стартаптар өсім беретін бизнестердің қатарына кіреді.

– 2026 жылы неден сақ болу керек?
– От – жылдам стихия. Ол ойлануға көп уақыт бермейді. Сондықтан тез шешім қабылдай алатын, пысық әрі еңбекқор адамдарға жыл берекесін береді. Ал отбасын құруды жоспарлаған жандарға жылдың екінші жартысы қолайлы. Ақпан және жаз айларында табиғи апаттарға байланысты сақ болған жөн.

– Жылдың энергиясы қандай?
– 2026 жылы ауа райы жылы болады. Қыс қысқа, ал жаз ұзақ әрі ыстық болады деп болжануда.
Жылдың түстері – қызыл, қызғылт және алтын түстер.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін алғыс айтамыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы