2026 жылы кәсіпкерлердің жағдайы қалай болады?
Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов 2026 жылы қазақстандық кәсіпкерлер үшін оңай болмайтынын айтты. Оның сөзінше, алдағы жылы бизнеске қатысты өзгерістер өте көп, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2026 жылы кәсіпкерлерге оңай емес, өйткені өзгерістер өте көп. Салық кодексінен бастап, Қазақстан өндірушілерінің реестрі, ұлттық тауарлар каталогы бар. Бұдан бөлек, айтылмай қалған, көп кәсіпкер әлі толық білмей жүрген заңнамалық өзгерістер де жеткілікті. Яғни кәсіпкерлерге қойылатын талаптар ұлғайып жатыр, – деді депутат.
Оның айтуынша, басты мәселе талаптардың өзінде емес, сол талаптарды орындау жолдарының нақты көрсетілмеуінде. Айтуар Қошмамбетов мемлекеттік органдардың бұл бағытта нақты түсіндіру жұмыстарын жүргізе алмай отырғанын сынға алды.
Мысал ретінде депутат өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған режимді келтірді. Бұл режим бойынша олар айналымнан 4 пайыз салық төлеп жұмыс істей алады. Алайда бұл төлем арнайы шот арқылы жүргізілуі тиіс. Осы мәселеде Үкімет пен Ұлттық банк арасында нақты ұстаным болмағанын айтты.
Кеше ғана Үкімет пен Ұлттық банк арасында бір дау болды. Бірі “шот керек” дейді, екіншісі “керек емес” дейді. Нәтижесінде шот керек екені анықталды. Бірақ мұның өзі жеке азаматтарға да, кәсіпкерлерге де үлкен стресс. Нақты сұраққа нақты жауап болмаса, түрлі алып-қашпа әңгімелер пайда болады, ортада ақшаға түсіндіретін адамдар шығады. Бұған жол бермеу керек, – деді ол.
Депутаттың пікірінше, Үкімет нақты позицияға бет бұрып, кәсіпкерлерге қарапайым әрі түсінікті тілмен нақты нұсқаулық беруі қажет. Қандай талап, қай уақытта, қандай жолмен орындалуы тиіс екені анық айтылуы керек.
Айтуар Қошмамбетов қазіргі таңда заңдарды енгізуге қажетті инфрақұрылым толық дайын емес екенін атап өтті. Соның салдарынан кәсіпкерлер қиындыққа тап болып отыр. Осыған байланысты ол депутаттық сауал ретінде көтеруді жоспарлап отырған ұсынысын айтты.
Қаңтар–ақпан айларында қателікке жол берген кәсіпкерлерге ешқандай айыппұл, санкция қолданбау керек. Өйткені бұл олардың кінәсі емес, бағдарламалардың дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты, – деді депутат.
Оның айтуынша, ұлттық тауарлар каталогы да, қазақстандық өндірушілер реестрі де толыққанды жұмыс істеп тұрған жоқ. Қателер көп, тәуекелдер жеткілікті. Сондықтан Үкімет кәсіпкерлерді қолдайтын шешімдер қабылдауы тиіс.
Сонымен қатар Айтуар Қошмамбетов Үкіметке жұмысты ашық жүргізіп, барлық сұраққа жауап беруге шақырды. Оның айтуынша, билік өкілдерінің ашық диалогтан қашуына еш негіз жоқ.
Мен өзім кеше ғана Threads желісіне шықтым, бір посттың астында мыңға жуық сұрақ қойылды. Әр сұраққа жауап беруге уақытымды жұмсадым. Білетін де, білмейтін де сұрақтар бар. Бірақ егер әр министр, әр вице-министр шығып, түсіндірсе, сұрақтардың басым бөлігі шешілер еді, – деді ол.
Депутаттың пікірінше, бағдарламалар әлі дайын болмаса да, халыққа “қорықпаңыздар, біз дайындап береміз” деп адамша түсіндіру керек. Сонда қоғам да түсіністікпен қарайды. Ал қазір, оның айтуынша, керісінше, халықпен түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмей отыр.
Сонымен бірге депутат Салық кодексі күшіне енбей тұрып-ақ Ұлттық экономика вице-министрі шамамен 300 мың кәсіпкер жабылуы мүмкін екенін айтқанын еске салды. Оның пікірінше, бұл жағдай кейбір кәсіпкерлердің бизнесін қайта құрылымдауымен байланысты.
Менің ойымша, жабылатындар болады. Бірақ нақты қанша екенін айту қиын. Кәсіпкерлер өздеріне тиімді формуланы тауып жұмыс істейді. Біреулер жабылуы мүмкін, біреулер бөлінуі мүмкін, жаңадан ашылып жатқан кәсіпкерлер де бар. Халық саны жыл сайын өсіп келеді. Сондықтан нақты цифр айту қиын, – деп түсіндірді депутат.