2026 жылы геологиялық деректерді толық цифрландыру аяқталады
Астанадағы форумда Қазақстандағы геологиялық зерттеулер мен цифрландыру жобалары талқыланды.
Астанада өтіп жатқан Geoscience & Exploration Central Asia: «Геология, ресурстар және Еуразияның болашағы» форумында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев еліміздегі геологиялық зерттеулер мен жер қойнауын пайдалануды цифрландыру жөніндегі ауқымды жоспарларды таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алдағы үш жылда елімізде 1:50 000 масштабтағы геофизикалық карталарды жасау бағдарламасы іске асырылады. Бұл шара 100 мың шаршы километр аумақта жүргізіліп, заманауи әдістер – жерді қашықтықтан зондтау, аэрогеофизикалық және геохимиялық зерттеулерді қамтиды. Сонымен қатар, Шу-Сарысу және Солтүстік-Торғай өңірлерінде сейсмикалық барлау жұмыстары жүргізіледі, - деді министр.
Оның сөзінше, алынған нәтижелер кейінгі нақты іздестіру және барлау жұмыстарын жоспарлауға негіз болады. Бұл Қазақстанның геологиялық әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді.
Министр атап өткендей, былтыр іске қосылған Біріккен жер қойнауын пайдалану платформасы барлық процесті цифрландырады – өтініш беруден бастап лицензия алуға дейін. Платформада 22 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, электрондық аукциондар мен онлайн төлем жүйесі («электрондық әмиян») енгізілген. Геологиялық бастапқы деректерді цифрландыру жұмыстары толық 2026 жылы аяқталады.
Цифрландыру процестерді жүйелі басқаруға, ашықтықты арттыруға және инвесторларға ыңғайлы орта жасауға мүмкіндік береді, - деп атап өтті министр.
Сондай-ақ Ұлттық геологиялық қызметке кеңейтілген өкілеттіктер берілген: мемлекеттік геологиялық зерттеулерді ұйымдастыру, мониторинг жүргізу, біріккен кадастрды жүргізу және геологиялық инфрақұрылымды дамыту.
Еске салсақ, Тау-кен және тау-металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец Қазақстанға жер қойнауын пайдалану саласында роялти жүйесіне көшуді әлі де пысықтау қажет деп санайды. Өйткені қазіргі уақытта инвесторлар әлі сатылмаған өнім үшін салық төлеуге мәжбүр.