2026 жылы ақшаны қайда салған дұрыс: экономистер тиімді жолдарды атады
2026 жылы қазақстандықтар жоғары базалық мөлшерлеме, инфляцияның баяулауы және экономиканың салық саясатындағы өзгерістерге бейімделуі жағдайында қаржылық стратегиясын қалыптастыруы тиіс болады. Экономистер қаржы құралдарын таңдауда басты қағидалар ретінде капиталды сақтау, әртараптандыру және эмоцияға беріліп шешім қабылдамауды атап өтеді. Бұл туралы толығырақ BAQ.KZ материалында.
Теңгедегі депозиттер
R-Finance қаржы талдаушысы Арман Байғанов қазіргі макроэкономикалық жағдайда ұлттық валютадағы депозиттер жеке инвесторлардың басым бөлігі үшін негізгі құрал болып қала беретінін айтады.
Қазір базалық мөлшерлеме жоғары, инфляцияның бәсеңдеу үрдісі бар және ол біртіндеп төмендейді. Осындай жағдайда, әсіресе қысқа мерзімге, ақшаны теңгедегі депозиттерге салу тиімдірек, – деп түсіндірді ол.
Сарапшының айтуынша, депозиттердің басты артықшылығы – тәуекелдің төмен болуы және салымдардың кепілдік жүйесімен қорғалуы. Бұл оларды экономикалық белгісіздік кезеңінде оңтайлы таңдау етеді.
Ал күрделірек құралдарға дайын инвесторлар үшін Арман Байғанов корпоративтік облигацияларды атап өтті. Оның бағалауынша, бұл сегменттегі табыстылық банктік салымдардан жоғары болуы мүмкін.
Корпоративтік секторда облигациялар бойынша табыстылық орта есеппен жылына 20 пайыздан асады. Бұл құрылыс, банк немесе микроқаржы саласындағы компаниялар болуы мүмкін, – деді сарапшы.
Сонымен бірге ол облигациялармен жұмыс істеу эмитенттердің қаржылық жағдайын мұқият талдауды және инвестицияны міндетті түрде әртараптандыруды талап ететінін ескертті. Бір ғана шығарылымға қаржы шоғырландыру тәуекелді айтарлықтай арттырады.
Акциялар және кәсіби сүйемелдеу
Акциялар нарығына қатысты сарапшы бұл құралдың барлық жеке инвесторларға бірдей сай келе бермейтінін айтады.
Акцияларға лицензиясы бар инвестициялық компаниялар арқылы салым жасаған жөн. Қазіргі таңда ірі банктердің жанында құралдарды таңдауға кеңес беретін еншілес құрылымдар бар, – деді Арман Байғанов.
Оның сөзінше, жеткілікті дайындықсыз өз бетінше шешім қабылдау көбіне қателіктер мен қаржылық шығындарға алып келеді.
Жинақты қай валютада сақтаған дұрыс
Сарапшының пікірінше, жинақтың валютасын таңдау нақты қаржылық қажеттіліктерге негізделуі тиіс.
Егер жақын арадағы шығындар теңгемен жоспарланса, қаражатты ұлттық валютада ұстау қисынды. Ал егер қызмет экспортпен байланысты болса, тәуекелді ішінара шетел валютасы арқылы хеджирлеуге болады, – деді ол.
Сондай-ақ ол бірнеше жылдағы айырбас бағамының динамикасын теңгелік құралдар бойынша табыстылықпен салыстырып қарауды ұсынады.
Алтын: сақтық ұстанымы
Сарапшының 2026 жылға алтынға қатысты көзқарасы сақтыққа негізделген.
Қазір алтын бағасы өсу шегіне жеткен, тіпті артық бағаланғандай көрінеді. Ол депозит немесе облигация сияқты пайыздық табыс әкелмейді әрі түзету қаупі бар, – деп есептейді Арман Байғанов.
Оның айтуынша, алтынды тек тәуекелдерді хеджирлеу элементі ретінде ғана қарастыруға болады, бірақ негізгі инвестициялық құрал ретінде емес.
Қандай қателіктерден сақтану керек
Сарапшылар экономикалық тұрақсыздық кезеңінде жеке инвесторлар ең көп шығынға ұшырайтын мінез-құлықтық қателіктерге ерекше назар аударады. Арман Байғанов 2026 жылы экономиканың бейімделу кезеңіне байланысты, соның ішінде салық жүктемесінің өсуі мен бизнес үшін ҚҚС-тың көтерілуі аясында тәуекелдер күшейетінін атап өтті. Мұндай жағдайда эмоцияға еріп шешім қабылдамау және өтімділікті сақтау аса маңызды.
Қаржылық қауіпсіздік жастығы болуы керек және қысқа мерзімді бағамдық ауытқуларға байланысты жиі операция жасамаған жөн. Мұндай кезде инвесторлар көбіне комиссиялар мен бағам айырмасынан ұтылады, – деді ол.
Талдаушының айтуынша, жиі кездесетін қателіктің бірі – қаражатты үнемі айырбастау, яғни бағамның болмашы өзгерісінде валюта сатып алып, қайта сату. Нәтижесінде әлеуетті табыс айырбастау пункттеріндегі комиссиялар мен бағамдық шығындарға «жұтылып», қаржылық нәтиже теріс болып шығады.
Осы жағдайда ең ұтымды стратегия – таңдалған жинақ құрылымын сақтап, асығыс әрекеттерден бас тарту.
Тәртіп пен асығыстықтан бас тарту
Экономист Расул Рысмамбетовтің пікірінше, алдағы жылы қазақстандықтарға инвестициялық стратегияны күрделендіріп, «жылдам табысқа» ұмтылудың қажеті жоқ. Оның ойынша, негізінде жинақ көлеміне сай келетін қарапайым әрі түсінікті құралдар қалуы тиіс.
Ең сенімді құрал – теңгедегі депозит. Одан кейін – қолма-қол доллар және аз мөлшерде еуро. Егер жинақ көлемі шағын болса, бұдан артығы қажет емес, – деді ол.
Рысмамбетов бағалы қағаздар нарығы жеке инвесторлар үшін жабық емес екенін, алайда кәсіби сүйемелдеуді талап ететінін ерекше атап өтті. Облигациялар қарапайым азаматтарға тек тәуекел мен эмитенттердің сапасын бағалай алатын тәжірибелі брокерлер мен кеңесшілердің қатысуымен қолжетімді болуы тиіс.
Нарықты түсінбей тұрып, бағалы қағаздарды өз бетінше сатып алу өте қауіпті, – деді экономист.
Валютаға қатысты ол тәртіп пен біртіндеп әрекет етудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, банк қосымшалары арқылы валютаны үнемі шағын көлемде сатып алу бағамдық ауытқуларды теңестіруге және «ең тиімді бағамды ұстап қалуға» тырысудан туындайтын шығындардан сақтануға мүмкіндік береді.
Экономист алтын тақырыбына да тоқталып, қазіргі жағдайда оны артық бағаланған актив деп бағалады. Ол алтын бағасының өсуін жаһандық саяси белгісіздікпен, соның ішінде Дональд Трамп саясаты факторы және долларға деген сенімнің төмендеуімен байланыстырады. Алайда бұл алтынды жеке инвесторлар үшін әмбебап шешімге айналдырмайтынын атап өтті.
Қазір алтын артық бағаланған. Бағасы қатты өскен активті сатып алып, валюта немесе "алтын" дүрбелеңіне ермеу керек. Мұнда тез пайда табу мүмкін емес, – деді ол.
Рысмамбетов негізгі қателік ретінде асығыс қорытынды мен эмоциялық шешімдерді атайды. Оның айтуынша, бұл мәселе нақты бір жылға немесе экономикалық циклге ғана тән емес, баршаға ортақ.
Сарапшының бағалауынша, 2026 жылы жаңалықтың әрбір сигналына жедел реакция жасағандар емес, тәртіпті сақтап, таңдалған стратегияға берік болып, нарық қысымымен емес, талдауға сүйене отырып шешім қабылдағандар ұтады.