2026 жылғы Қысқы олимпиада ойындарының медалі қандай болады?
2026 жылғы Қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының ресми медальдары Венецияда өткен салтанатты таныстырылымда көпшілік назарына ұсынылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Болашақ чемпиондарға табысталатын жаңа медальдар ерекше дизайнмен жасалған. Әрқайсысы екі жарты бөліктен тұрады. Бұл спортшының кәсіби жолы мен сол жолда жанынан табылған адамдардың, жаттықтырушылар мен жанкүйерлердің қолдауына деген құрметтің көрінісі.
Марапаттар Италияның Мемлекеттік теңге сарайы мен баспа институты (IPZS) тарапынан әзірленген. Медальдар қайта өңделген металдан жасалып, жаңартылатын энергия көздерімен жұмыс істейтін индукциялық пештерде құйылады. Ал олардың қаптамасы экологиялық таза, FSC сертификатталған материалдардан дайындалып, пластик қолдану барынша азайтылған.
Біз дайындаған медальдар италиялық дизайн шеберлігін және қолөнер мен инновацияның үйлесімін айқын көрсетеді. Әр медаль бірегей өнер туындысы, - деді Италияның Мемлекеттік теңге сарайы мен баспа институтының президенті Паоло Перроне.
Медаль дизайны тек эстетикалық тұрғыдан ғана емес, символикалық мәнімен де ерекшеленеді. Ол жеңіс жолындағы табандылық пен командалық рухтың, сондай-ақ Милан мен Кортина қалалары арасындағы бірліктің көрінісі. Олимпиада және Паралимпиада нұсқаларындағы медальдар ортақ идеямен біріктірілген. Бұл спортшы жолының қорытындысы ғана емес, сол сапарда бірге болған жандарға арналған алғыс нышаны.
Айта кетейік, Милан-Кортина-2026 Қысқы Олимпиадасы 2026 жылдың 6–22 ақпаны аралығында өтеді. Байрақты бәсекеде 245 медаль жиынтығы сарапқа салынады.