2026 жылғы егіс құрылымы: Бидай 125 мың гектарға қысқарады
Айдарбек Сапаров: Бидай қысқарады, жүгері ұлғаяды, 700 млрд теңге бөлінеді
Қазақстан Республикасы Үкіметі отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров 2026 жылға арналған егіс құрылымы мен көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысын баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, 2026 жылға егіс алқаптарының болжамды құрылымы бекітілген. Негізгі бағыт – бидай алқаптарын қысқартып, жоғары рентабельді дақылдарды ұлғайту арқылы әртараптандыру жүргізу.
Министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп 2026 жылға егіс алқаптарының болжамды құрылымын бекітті. Бұл құрылым – бидай алқаптарын қысқарту және жоғары рентабельді дақылдарды ұлғайту бойынша әртараптандыруға бағытталған, – деді министр.
23,8 млн гектар егіс
Ағымдағы жылы жалпы егіс алаңы шамамен 23,8 млн гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға көп.
Майлы дақылдар 55 мың гектарға, азықтық дақылдар 242 мың гектарға, арпа 94 мың гектарға ұлғаяды. Ұйымдастырылған шаруашылықтарда картоп алаңы 10,3 мың гектарға көбейеді.
Ал бидай алқабы 125 мың гектарға қысқарып, 12,1 млн гектарға тең болмақ.
Жүгеріге жаңа басымдық
Министрдің сөзінше, жүгеріні терең өңдейтін инвестициялық жобаларды шикізатпен қамтамасыз ету үшін егіс құрылымы қайта қаралған.
Осыған байланысты жүгері бойынша әртараптандыру индикаторларын қайта қарап, оның егіс алқаптарын кеңейтуді жоспарлап отырмыз, – деді Айдарбек Сапаров.
Биыл жүгері алқабын 265 мың гектарға дейін жеткізу көзделген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 90 мың гектарға көп.
Министрлік Қытайдың солтүстік өңірлерінде ұқсас топырақ-климаттық жағдайда жұмыс істейтін компаниямен кездесу өткізген. Компания тұқым, тыңайтқыш және технологиялық қолдау көрсетуге дайын екенін білдірген.
Сонымен қатар, Азық-түлік корпорациясы арқылы форвардтық қаржыландыру тетігі пысықталуда.
Күріш пен мақта оңтайландырылады
Оңтүстік өңірлерде су лимитіне байланысты күріш алқабы 20,2 мың гектарға қысқартылды.
Мақта алқабы 162,4 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 79,8 мың гектар – тамшылатып суару, 82,6 мың гектар – дәстүрлі суару. Тамшылатып суару алаңы 29,8 мың гектарға ұлғайып, дәстүрлі әдіс 12 мың гектарға қысқарады.
Жоғарыда аталған егіс алқаптарының құрылымы ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз ету үшін қажетті көлемде өнім алуға мүмкіндік береді, – деді министр.
700 млрд теңге жеңілдетілген қаржы
Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына 700 млрд теңге жеңілдетілген кредит бағыттау жоспарланған.
Бүгінде 1 900-ге жуық шаруа 200 млрд теңгеге қаржыландырылды. Бұл жалпы көлемнің 27%-ы.
Даму қоры арқылы кепілдік беру көлемін 300 млрд теңгеге дейін жеткізу көзделген. Қазіргі таңда 86 млрд теңгеге кепілдік берілген.
Техника, дизель және тұқым
Биыл ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке беру көлемі кемінде 300 млрд теңгені құрайды.
2025 жылы шаруалар 25 мың бірлік техника сатып алып, парк жаңарту деңгейі 6,5%-ға жеткен. Биыл бұл көрсеткішті 8%-ға жеткізу жоспарланған.
Егіс жұмыстарына нарықтық бағадан 15% төмен 402 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді.
Тұқым дайындау көлемі 2,3 млн тоннаны құрады. Оның 1,6 млн тоннасына сараптама жүргізіліп, 99%-ы кондициялық деп танылған.
2026 жылы мемлекеттік сорт-сынау жүйесімен Қазақстан аумағында пайдалануға қазақстандық селекцияның 45 жаңа жоғары өнімді сорты ұсынылды, – деді министр.
Тыңайтқыш көлемі 2,3 млн тоннаға жеткізіледі
Өткен жылы тыңайтқыш енгізу көлемі 1,8 млн тонна болып, ғылыми қажеттіліктің 58%-ына жеткен.
2026 жылға жоспар – 2,3 млн тонна. Қазір 245 мың тоннаға ғана келісімшарт жасалған.