2026 жылғы бюджет: 23,1 трлн теңге кіріс, 4,6 трлн теңге тапшылық
Экономист Айбар Олжай "15 минуттық экономика" жобасында Қазақстанның келесі жылғы республикалық бюджетін талдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Айтуынша, 2026 жылы республикалық бюджеттің табысы трансферттерді есепке алмағанда, яғни таза салықтан 19,2 триллион теңге болуға тиіс.
Бұл биылғы жылдан 32 пайызға артық. Теңгелей айтсақ, 4,6 триллион теңгеге көп. Осы табыс ненің есебінен ұлғаюы мүмкін. 1,5 триллион теңге макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсаруынан, яғни ішкі жалпы өнімнің өсуінен, экспорт пен импорттың өсуінен келеді. 110 миллиард теңге салық және кедендік әкімшілендірудің жақсаруынан түсуі тиіс. Тағы бір жарым триллион қосымша құн салығының артуы мен түрлі жеңілдіктердің қысқаруынан келеді деп жоспарланған. 2026 жылы 10 триллион теңгені қосымша құн салығы, яғни ҚҚС алып келуге тиіс, - деп түсіндірді экономист.
Сонымен қатар сарапшы оның рөлінің бірден артқанын атап өтті.
Корпоративті табыс салығы шамамен 5,2 триллион теңге алып келеді. Пайдалы қазбаларды пайдаланғаны үшін алынатын рентадан 1 триллион теңге түседі. Кедендік баж салығы 2,5 триллион теңге, акциздер 151 миллиард теңге алып келеді. Тағы басқа да ұсақ-түйектерін қосқанда 19,2 триллион теңге болады. Енді осы 19,2 триллион теңгеге трансферттер, айыппұлдар мен жалға беру сияқты салықтан тыс түсімдер қосылады да, республикалық бюджеттің кіріс бөлігі 23,1 триллион теңге деп бекітілді. Бюджет келесі жылы Ұлттық қордан тек 2,77 триллион теңге ғана алуға тиіс, - деді Айбар Олжай.
Кіріс, шығыс пен дефицит
Сарапшының пайымынша, келесі жылғы республикалық бюджеттің кіріс бөлігі 23,1 триллион теңгені құрайды. Ал шығыс бөлігі 27,7 триллион теңге болып бекітілді.
Арадағы 4,6 триллион теңге – бюджеттік дефицит болып тұр. Келесі жылы бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімнің 2,5 пайызын құрайтын болады. Ал ішкі жалпы өнім келесі жылы 183,8 триллион теңгені құрауы тиіс. Бюджет болжамында 2028 жылы қарай бюджет дефициті ішкі жалпы өнімнің 0,9%-ына дейін төмендейді деп көрсетілген екен. 2028 жылы номиналды ішкі жалпы өнім 229,8 триллион теңге болады деген болжамға сәйкес, үш жылдан кейін бюджет тапшылығы 2,1 триллион теңге болуы тиіс. Егер бұл болжамдар орындалып кетсе, әрине керемет күшті болар еді, - деді экономист.
Демек 2 триллион теңге бюджет дефициті деген Қазақстан үшін еш қиналмайтын, оңай жаба алатын көрсеткіш.