2026 жылғы атаулы әлеуметтік көмек: 50 мыңнан астам балаға қосымша төлем тағайындалды
Қазақстанда 163 мыңнан астам адам атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылды
Қазақстанда 2026 жылдың басынан бері 163 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оның ішінде ең үлкен қолдау тобы - мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер. Мемлекет наурыз айына дейін 50 мыңнан астам балаға арнайы қосымша төлем аударып, бұл мақсатқа жарты миллиард теңгеден астам қаражат жұмсады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) 30,3 мың отбасындағы 163,3 мың адамға 5,2 млрд теңге сомасында тағайындалды. Биыл бұл мақсаттарға бюджеттен 62,7 млрд теңге қарастырылған.
АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.
АӘК мыналарды көздейді:
- табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
- табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. Биыл наурыз айына дейін АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 50,1 мың балаға 618,1 млн. теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;
- жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ Электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады, - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.