2026 жылдан бастап жұмыс берушілер зейнетақыға көбірек төлейді: Кімге, қанша және не үшін?
Қазақстанда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының (ЖМЗЖ) мөлшері артты. Енді жұмыс берушілер әр қызметкері үшін оның табысының 3,5 пайызын зейнетақы қорына аударуға міндетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры дерегінше, бұл жарна қызметкердің өз міндетті зейнетақы аударымдарына қосымша төленеді және толықтай жұмыс берушінің есебінен жүзеге асырылады.
ЖМЗЖ мөлшері жыл сайын өседі
Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасы кезең-кезеңімен енгізіліп келеді. Мәселен, 2024 жылы оның мөлшері 1,5 пайыз, ал өткен жылы 2,5 пайыз болған.
Алдағы жылдарға арналған жоспар мынадай:
• 2027 жыл – 4,5%;
• 2028 жыл – 5%.
Кімдер үшін төленеді?
ЖМЗЖ 1975 жылы туған және одан кейін дүниеге келген қызметкерлерге арналған. Бұл санаттағы азаматтардың 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі жеткіліксіз немесе мүлде болмағандықтан, олардың зейнетақысы үш көзден қалыптасады:
• базалық зейнетақы – мемлекеттен;
• жинақтаушы зейнетақы – қызметкердің өз жарналары есебінен;
• шартты-жинақтаушы бөлік – жұмыс берушінің ЖМЗЖ аударымдары арқылы.
Кімдер үшін жарна төленбейді?
Жұмыс берушілер келесі азаматтар үшін ЖМЗЖ аудармайды:
• 1975 жылға дейін туған қызметкерлер;
• зейнеткерлер;
• I-II топтағы мүгедектігі бар адамдар;
• әскери қызметшілер және оларға теңестірілген тұлғалар.
Жарналардың уақытылы төленуін Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті бақылайды.
Маңызды шарттар
ЖМЗЖ есебінен төленетін зейнетақы өмір бойына тағайындалады. Алайда азамат шетелге тұрақты тұруға кетсе немесе азаматтығын өзгертсе, бұл төлемдер тоқтатылады.
Бұл жағдайда адам тек өз жинақтаушы жарналарын ғана ала алады. Ал жұмыс беруші аударған қаражат қызметкердің жеке меншігі саналмайды, мұраға қалдырылмайды және зейнетақы жүйесінде қалады.
ЖМЗЖ-ны жою неге жүзеге аспады?
Бұған дейін Үкімет әлеуметтік салық пен ЖМЗЖ-ны алып тастау мүмкіндігін қарастырған. Бұл ҚҚС мөлшерлемесін 20 пайызға дейін көтеру шартымен ғана мүмкін болатыны айтылған.
Алайда ҚҚС 16 пайыз деңгейінде бекітілген соң, әлеуметтік аударымдарды, оның ішінде жұмыс берушінің зейнетақы жарнасын өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылданды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл шара қызметкерлердің болашақта қосымша зейнетақы табысына ие болуына мүмкіндік беретінін атап өтті.