2026 жылдан бастап зейнетақыға қатысты не өзгереді?
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Құжатта зейнетақы жинақтарына қатысты бірқатар маңызды өзгеріс қарастырылған. Соның ең бастысы – БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері салықтан босатылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қор хабарлағандай, бұған дейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) жасалған кез келген төлемнен жеке табыс салығы (ЖТС) ұсталатын. Осыған байланысты кейбір азаматтар арасында “зейнетақыға екі рет салық салынады” деген пікір қалыптасқан еді.
Салық бұрын қалай ұсталды?
Мысалы, азаматқа 400 мың теңге жалақы есептелді делік. Алдымен осы сомадан міндетті зейнетақы жарналары аударылады, содан кейін ғана жеке табыс салығы ұсталады. Яғни, зейнетақы жарналары ЖТС-тан босатылған.
Ал зейнетақы қорынан төлем алған кезде, бұрын бұл төлемдерге қайтадан салық салынатын.
2026 жылдан бастап не өзгереді?
Жаңа Салық кодексіне сәйкес:
- егер азамат Қазақстан Республикасының резиденті болса,
- БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдеріне салық салынбайды;
- тұрғын үй алу немесе емделу үшін берілетін бір реттік зейнетақы төлемдері де ЖТС-тан босатылады.
Бұрын ұсталған немесе кейінге қалдырылған салықтың тағдыры не болады?
Мұны нақты мысалмен түсіндірейік.
Мысал:
Сіздің зейнетақы шотыңызда 10 млн теңге бар. Ипотека үшін 5 млн теңгені алдыңыз.
1-сценарий:
Сіз 500 мың теңге ЖТС-ты бірден төлеуді таңдадыңыз.
Нәтижесінде шотыңызда 4,5 млн теңге қалады. Бұл жағдайда салық толық төленген.
2-сценарий:
Сіз салықты кейінге қалдыруды таңдадыңыз.
Бұл кезде шотыңызда 5 млн теңге қалады, алайда 500 мың теңге салық міндеттемесі сақталып, оны зейнетке шыққан кезде төлеу керек болатын.
2026 жылдан кейін не болады?
Енді 2026 жылдан бастап мұндай кейінге қалдырылған салық міндеттемелері жойылады.
Яғни:
- бұрын кейінге қалдырылған берешек күшін жояды;
- ешқандай сома шегерілмегендіктен, қайтарылатын салық та болмайды.
Бұған дейін 2026 жылдан бастап зейнетақы қорынан жасына байланысты қанша сома шешіп алуға болатыны жайлы жазған едік. Зейнетақы төлеміне қатысты лимитті мына жерден толығырақ білуге болады.