2026 жылдан бастап тұрмысы төмен азаматтардың емделу ақшасын әкімдік төлейді
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов 2026 жылдан бастап тұрмысы төмен азаматтарды медициналық сақтандыруға жергілікті әкімдік тарапынан қаржы бөлінетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, келесі жылдан бастап жергілікті қазына қаражаты тұрмысы төмен азаматтарға қол ұшын созады.
2026 жылдан бастап тұрмысы төмен азаматтар жергілікті бюджеттер есебінен медициналық сақтандыру жүйесімен қосымша қамтылатын болады. Осындай ауқымды өзгерістерді бірлесіп жүзеге асыруға күш жұмылдыру керек, - деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр медициналық сақтандырудың жаңа тетігін енгізу жұмыстарын Денсаулық сақтау және Еңбек министрлігіне, өңір әкімдіктеріне жүктеді.
Медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты алаңдаушылық білдірген азаматтарға да құлақ асу қажет. Сондықтан әрбір адам медициналық көмек алу тетіктері мен оны жетілдіру жұмыстарынан хабардар болуы керек. Жаңа медициналық нысандардың ашылуымен халықтың, әсіресе ауыл тұрғындарының медициналық көмекке қолжетімділігі едәуір кеңейіп жатыр, - деді Олжас Бектенов.