2026 жылдан бастап Қазақстанда жеке куәлік тегін беріледі

ІІМ бұл құжатты алғаш рет рәсімдегендер мен жарамдылық мерзімі аяқталған кезде ауыстыратындар үшін осындай мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) мөлшері өседі. Ол 4 325 теңгені құрайды. Ал 2025 жылы АЕК 3 932 теңге болған. Осыған байланысты мемлекеттік қызметтер мен баж салығының көпшілігі қымбаттайды.

АЕК-тің өсуіне байланысты жеке басын куәландыратын құжаттарды рәсімдеу құны шамамен 10 пайызға артады. Атап айтқанда, ересектерге арналған паспорттың құны 8 АЕК немесе 34 600 теңге болады. Балаларға арналған төлқұжат 4 АЕК-ке тең, яғни 17 300 теңге.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке куәлік алғаш рет берілген кезде және жарамдылық мерзімі аяқталған соң ауыстырылған жағдайда тегін рәсімделеді. Бұл туралы Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Аслан Аталықов мәлімдеді.

Жеке куәліктер алғаш рет берілген кезде тегін болады. Сонымен қатар олардың жарамдылық мерзімі аяқталғаннан кейін ауыстырылуы да мемлекеттік бажсыз жүзеге асырылады, - деді ол.

Еске сала кетсек, жеке куәліктің құны 0,2 АЕК немесе 865 теңгені құрайды. Ал 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қазақстандықтар үшін туу туралы куәлік те тегін беріледі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ - архив
Өзгелердің жаңалығы