2026 жылдан бастап АӘК алушылар азық-түлікті үстемесіз сатып ала алады

Елімізде сауда үстемесіне бақылау күшейтіліп, халықтың осал топтарына арналған атаулы көмек аясын кеңейту жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мамыр айында тауарлардың шыққан елін нақты анықтайтын және қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімін қалыптастыратын жаңа заң қабылданды. Бұл тізілім мемлекеттік қолдау шараларына және мемлекеттік сатып алуларға қатысуды жеңілдетіп, өндірушілер мен олардың өнімдері туралы нақты ақпаратты қамтиды, - деді Жұманғарин.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыстағы "СТ-KZ" сертификаттары мен индустриялық сертификаттардың күші жойылады. Оның орнына тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің жалпы жіктеуіші (ТЖҚЖ) енгізілуде.

Бағаны реттеу жүйесіне жаңа тәсіл енгізіледі

Бағаны тұрақтандыру және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) қатысты шекті бағалардан бас тарту көзделіп отыр. Оның орнына сауда үстемесіне бақылау күшейтіліп, халықтың осал топтарына арналған атаулы көмек аясын кеңейту жоспарланған.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап тиісті заңнамалық түзетулер күшіне енеді. Сонымен қатар, "Цифрлық азық-түлік ваучері" сервисі сынақ режимінде іске қосылды. Бұл жоба атаулы әлеуметтік көмек алушыларға әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті үстемесіз, нақты сатып алу бағасымен сатып алуға мүмкіндік береді, - дейді Серік Жұманғарин брифингте.

2025 жылғы шілде айында биржалық сауда саласын реттейтін жаңа заң күшіне енді. Ол сауда-саттықтың ашықтығы мен әділ баға белгілеуді қамтамасыз етуге бағытталған.

Заң аясында "әлеуметтік маңызы бар биржалық тауар" ұғымы енгізілді. Бұл тізімге мұнай өнімдері, көмір және қант секілді стратегиялық маңызды өнімдер енді. Жаңа құқықтық база бағаны бақылауды күшейтіп, тауар ағындарының қозғалысын нақты бақылауға мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы