2025 жылы студенттердің стипендиясы тағы өседі

Мәжілісте Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы «2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырды. Заңда студенттердің стипендиясын тағы көтеру көзделіп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2025 жылы білім беруді дамытуға шығыстар 2024 жылға қарағанда 116 млрд теңгеге ұлғайып, 1 трлн теңге болады, - деді вице-министр.

Шығыстардың өсуінің негізгі факторлары мыналар:

1. Жоғары оқу орнының студенттеріне орта есеппен 15-20%-ға шәкіртақы мөлшерін ұлғайту.

Нәтижесінде бакалавриат студенттері үшін шәкіртақының орташа мөлшері 52 372 теңгені, магистратура үшін - 117 098 теңгені құрайды.

2. AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында 78 мыңға жуық жас қазақстандықтардың тегін жоғары білім алуына шығыстар қарастырылды.

3. Жоғары оқу орындарында білім алушылардың жеңілдікпен жол жүру құнын ұлғайту. Бір білім алушыға жеңілдікпен жол жүру 15 728 теңгені құрайды.

4. Ғылыми атақтар үшін қосымша ақылар белгіленуіне байланысты ғалымдардың еңбекақысының ұлғаюы.

Еске сала кетейік, 1 қыркүйектен бастап студенттердің стипендиясы көбейді.

Колледж студенттері үшін шәкіртақы 50%-ға артып, жұмысшы мамандықтары бойынша 43 574 теңгені, орта буын мамандары үшін 41 896 теңгені құрады.

Бакалавриат студенттерінің стипендиясы 20%-ға артып, 47 135 теңгеге дейін, ал педагогика және медицина бағыттарындағы білім алушылардың стипендиясы 75 600 теңгеге дейін ұлғайды.

Интернатурада оқитындарға стипендия 85 376 теңге, ал резидентурада – 123 122 теңге көлемінде төленеді.

Магистранттар мен докторанттарға стипендия 15%-ға ұлғайтылады, оның мөлшері тиісінше 107 061 теңгені және 240 000 теңге болады.

Сондай-ақ 2025 жылғы 1 қыркүйекте шәкіртақы бакалавриат студенттеріне 20%-ға, магистранттар мен докторанттарға 15%-ға көбейетінін хабарлаған болатынбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы